Сәлеметсіздер ме! Оразада ұмытып кофе ішіп қойса, не болады? Оразасы санала ма? Раушан.
Ұмытып кофе ішіп қойдым, оразам не болды?
|
Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) былай деген: «Кім Рамазан айындағы оразада болсын, не, нәпіл, уәжіп оразада болсын, ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасы есептеледі, қазасын өтеудің қажеті жоқ»1. Ұлы ғалымның бұл тоқтамы негізсіз емес. Өйткені, бірнеше сахих хадистерде Алла елшісі оразада ұмытып жеп-ішкен мұсылманның оразасы бұзылмайтындығын ашық айтқан болатын. Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):
«Кім аузы берік екендігін ұмытып, ішсе немесе жесе, сол күнгі оразасын соңына дейін ұстасын. Шынында, оны тамақтандырып, сусын ішкізген Алла Тағала болып табылады» - дейді2. Бастысы ораза екені есіне түскен мезетте, жұтып үлгермеген ауызындағы асын шығарып, ішіп-жеуден тыйылмағы ләзім.
Ендеше, ораза екендігін ұмытып, кофе ішіп қойған қандасымыз, еске түскен сәттә ішуден тыйылып, әрі қарай оразасын жалғастырып ұстап кете беруі тиіс. Ораза бұзылмайды. Қазасын өтеудің қажеті жоқ.
Абдусамат Қасым
1 Имам Мұхаммед: «Китәбуль Хужжә». Саум.
2 Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».