Тұтқан оразамның сауабына анамды да ортақ етсем бола ма?
Тұтқан оразамның сауабына анамды да ортақ етсем бола ма?
11 жыл бұрын 16511

Ассәләмуғалейкум! Сауалым ораза жайында болмақ. Менің білуімше баласы сауабы тисін деп ата-анасының атынан садақа береді, олардың атынан мешіт салдырады және т.б. Менің сұрайын дегенім: Алла қаласа Рамазан айына аман-есен жетсек, ораза ұстаймыз. Сонда сауабы анама да тие берсін деп, ауыз бекітерде «анам үшін де ауыз бекіттім» деп ниет етсем бола ма? Егер болатын болса сауабы екеуімізге де жазылама? Аллаһ сіздерден разы болсын! Думан Тоқтаров.

Уағалейкумсалам! Құрметті Думан, Пайғамбарымыз (с.а.у) құрбан шалатын кезде екі қошқар сатып алатын. Оның біреуін өзінің және отбасының атынан шалса, екіншісін үмметінің атынан  шалатын болған[1]. Осы және өзге аяттардың астарына қарай Ханафи мәзхабы ғұламалары,  кісі оқыған намазының, ұстаған оразасының, берген садақасының, жасаған зікірінің т.б. сауабын өзгеге (өліге де, тіріге де) бағыштай алады[2] деген тұжырымға барған.

Ендеше, ұстаған оразаңыздың сауабын анаңызға да тие берсін деп ниет етсеңіз (тілмен айту шарт емес), Алланың қалауымен сауабы анаңызға да жазылар деген үміттеміз.

Бірақ, сауапқа ортақ етуіңіз - анаңыздың мойнындағы ораза ұстау парызын түсірмейді. Сондықтан егер анаңыз сау-саламатты болса (Алла аналарымызды сау-саламатты етсін), ол кісі өзіне парыз болған Рамазан оразасын ұстауы тиіс. 

Осы орайда мына хадисті келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз, Даруқутнидің хадистер жинағында келтірілген риуаятта, бір кісі Пайғамбарымызға келіп:  «Уа Алла елшісі! Менің ата-анамның көзі тірісінде оларға жақсылығымды аяған емеспін. Олар о дүниелік болған жағдайда, қалай пайдамды тигізсем болады, ол екеуіне?», - деп сұрайды.  Пайғамбарымыз (с.а.у)былай деп жауап берді: «Ол кездегі оларға жасаған жақсылығың – өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап намаз оқуың, өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап ораза ұстауың»[3].

Осы мәселеге қатысты қосымша мәліметті мына сілтемеге кіріп оқып көріңіз: http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/namaz/oqygan-namazymnyn-sauabyn-ata-anama-bagyshtasam-bola-ma-546/#gsc.tab=0 

[1] Ибн Мәжә: әл-Әдзахи - №3122 хадис.
[2] Бахрур Раих: әл-Хаж ъанил ғайр – 3/105 бет.; Хидая: әл-Хадж ъанил ғайр; Хашияту Ибн Ъабидин: әл-Хадж ъанил ғайр – 4/10 бет.
[3] Нилуь Әутар: Бәбу Усули Сәуәби... 

 
Абдусамат Қасым