Ассаламуалейкум! Ертең Шағбан айының соңғы күні ораза ұстауға болады ма деп сұрап жатыр еді. Жауабын айтсаңыз. Өзімше ішімнен еш айыбы жоқ деп қоям бірақ...
Рамазанға бір-екі күн қалғанда ораза ұстауға болмайды екен, сол қаншалықты дұрыс?
|

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Рамазан айына бір-екі күн қалғанда нәпіл ораза ұстаудың әбестігі жоқ, мубах амал. Әйтсе де, кей кітаптарда мәкруһ болатындығын айтылады1, тіпті кей кітапта үш күн ұстаған болса болады, одан азы мәкруһ деген де пікір келген2. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінің бірінде былай делінеді: «Рамазаннан бұрын бір немесе екі күндік ораза ұстамаңдар, бірақ біреулеріңнің ұстап жүрген оразасы сол күнге тең келіп ораза ұстаса, ол басқа»3. (Тирмизи, «Сүнән»). Дейтұрғанмен, аталмыш хадистегі «бұрын..» сөзі - «Рамазан оразасын» алдын ала бір-екі күн бұрын ұстауды білдірмек деп түсіндіреді Ханафи ғалымдарының көпшілігі4. Ал Рамазанға бір-екі күн қалғанда Шағбан айының нәпіл оразасын немесе қаза оразаны ұстаса, оның еш әбестігі жоқ5. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!
1 Имам Алауддин Самарқанди: «әт-Тухфә».
2 Имам Шүрунбүләли: «Нуруль Изах». Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». Шәкк күні.
3 Тирмизи, «Сүнән», Мүслім, «Сахих Мүслім».
4 Имам Тахтауи, «Хашияту Тахтәуи», 649 бет. «Марохуль Фәлләх» түсіндірмесі.
5 Имам Шүрунбүләли: «Имдәд», 667 бет.,