Ассалаумағалейкум! Қасиетті Рамазан айы мубарак болсын! Менің бір туысым "Қант диабетімен" ауырады. Инсулин гармоны жетіспегендіктен туатын бұл дертпен ауыратындар әр 2 сағат сайын тамақ ішіп тұруы қажет және жиі шөлдейді, сондықтан медицина бұл дертпен ауыратындарға қатаң түрде оразаға рұқсат бермейді. Ал туысым болса ауыз бекітуін жалғастыра береді, Кейде тіпті аштықтан шыдай алмай аяқ-қолы тырысып, денесі қалтырап ауырып қалады,бірақ сонда да қанша айтсақта ораза ұстаудан таймайды. Өзіне зиян келгендіктен бұл дертпен ауратындарға ораза ұстамауына дінімізде рұқсат емес пе? Осыған пәтуа берсеңіздер деймін. Алдын ала рахмет!" Нұрсәуле Әлімжан
Қант диабетімен ауыратын адамға ораза ұстау күнә емес пе?
|
Уағалейкумуссалам! Қасиетті Рамазан айы баршамызға құт-береке әкелсін! Нұрсәуле ханым, Жаратушы Иеміз Алла Тағала ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген[1]. Тіпті кей аятта: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер!», – дей келе, өзімізге қауіп төндіретін әрекеттерден ұзақ тұруымызды бұйырған. Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «Науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах (рұқсат) болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның ораза ұстамауы – уәжіп (міндет, яғни ораза ұстау оған күнә болып есептеледі). Ал, егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат»,[2] – деген үкімге келген. Осы қағидаға сүйене отырып айтарымыз, сіздің туысыңыздың ораза ұстауы өлімге немесе сал болып қалу сияқты адам өміріне немесе ағзасының бірін істен шығаруға алып келетін болса, ол кісіге ораза ұстау – күнә. Аузын ашуы – уәжіп. Ал сауапқа толы айдың сауабынан құр қалам дейтін болса, шариғатымыз ораза ұстай алмайтындарға оразаның орнын басар «підия беру» жолымен реттеген. Бұл дегеніміз, рамазанның әр күні үшін бір кедейді таңертең және кешке тамақтандырады немесе осыны есептеп құнын береді. Ал бұған да күші жетпесе, Алла Тағала кешірімді. Ол құлдарына тек күші жететінді ғана міндеттейді.