Пітір садақаны су тасқынынан зардап шегіп жатқандарға берсек бола ма?
Пітір садақаны су тасқынынан зардап шегіп жатқандарға берсек бола ма?
1 ай бұрын 3002

Ассаламуалейкум! Пітір садақаны қазыргі су тасқынынан зардап шегіп жатқандарға берсек бола ма? Қаншама қорлар ақша жинап бастады соларға ниеттеніп аударсақ қалай болады? Дәнияр.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пітір садақаны қазіргі су тасқынынан зардап шеккендерге беруге болады, олардың халдері «жол баласының» (ибн сәбиль, жолда қалғанның) халіне ұқсас. Шариғатта жолда қалған кісіге зекет пен пітір садақасын беруге болады. «Жол баласы» дегенге Имам Шүрунбүләли былай анықтама берген: «Ибн Сәбил (жол баласы, жолда қалған) - отанында мал-дүниесі мен ақшасы бар болғанымен, өзімен бірге дүниесі жоқ (ақшасыз қалған) жолаушы»1. Ақшасы таусылған жол баласы (ибн сәбиль) - зекет пен пітір садақасы берілетін орындардың бірі.

Оның үстіне зардап шеккендердің басым бөлігі барынан айырылып отырғандықтан, оларды да «мүсәпір» санатына жатқызуға болады. Ал шариғатта зекет пен пітір садақасы кедей мен мүсәпірге беріледі. 

Ендеше, егер жылу жинап жатқан қайырымдылық қорлары жиналған пітір ақшасын зардап шеккен отбасылардың шоттарына үлестіріп беретін болса, пітір садақаны аударуға болады. Себебі пітір садақа да зекет ақшасы секілді мұқтаж мұсылманның қолына тапсырылуы тиіс. Пітірден бөлек қайыр-садақа да бергеннің сауабы мол. Рамазан айында берілген садақаның сауабы өзге айларда берген садақаның сауабынан бірнеше есеге еселенеді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Алла Тағала елімізді түрлі апаттардан сақтасын! Уә ахиру даъуәнә әнильхамду лилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым

 


1 Имам Шүрунбүләли: «Имдәд», 684 бет.