Підия кімге міндет?
Підия кімге міндет?
11 жыл бұрын 14688

Підия жайлы түсіндіріп өтсеңіздер! Утегенова Зульфия 

Уағалейкумуссалам, Зульфия! Ораза ұстауға қауқары жоқ қариялар мен жазылуы неғайбыл науқастар ұстай алмайтын рамазан оразасының әр күнінде бір кедейді (таңертең және кешке) тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидия шарты – ұстамаған оразасының қазасын еш өтей алмайтындай болуы керек. Ал егер науқас жазылып, қария ораза ұстайтындай жағдайға жетсе, онда оған фидия бермей, ұстамаған оразасының қазасын өтейді[1].

Фидия беру жайында Құран Кәрімде былай дейді: «Егер біреу сырқаттанып немесе сапарда жүріп санаулы күндерін өткізіп, қаза етіп алса басқа күндерде өтеулеріне болады. Және ораза ұстауға шамасы келмейтіндер болса бір міскіннің (бір күн) ішетін тамағын (күнде) беріп тұрсын. Ал кімде-кім белгіленген мөлшерден артық беріп, қайыр жасаса, ол өзіне жақсы болады. Егер біле білсеңдер ораза ұстауларың сендер үшін қайырлы»[2]

Фидияның мөлшері пітірі садақаның мөлшеріне саяды.[3] Бұл дегеніміз оразаның әр күні үшін бір міскінге (таңертең және кешке) мына төмендегі төрт түрлі азықтың кез-келген біреуін немесе соның құнын береді:

1. Бидай ұнының міндет болған мөлшері: 1 кг 459 грамм немесе осы мөлшердегі құны.

2.Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2 кг 918 грамм немесе осы мөлшердегі құны.

3.Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2 кг 918 грамм немесе осы мөлшердегі құны.

4.Құрғатылған құрманың уәжіп болған мөлшері: 2 кг 918 грамм немесе осы мөлшердегі құны.

Фидияда бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таң ертен яки кешке тамақтандыру жеткілікті.[4] Фидияның 30 күнгі құнын бір мұқтажға да бірден беруге де болады.

Бұған да шамасы жетпейтін кісілер фидия беруге міндеттелмейді.

[1] Хидая, ас-саум – 1/321 бет.
[2] Бақара – 184 аят.
[3] Бадаиғ – 2/616 бет.
[4] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы – 329, 376 бет. Алматы.

Абдусамат Қасым