Оразаның соңында АҚШ елінде болсам, оразаны қай елге қарап аяқтаймын? Бір күн айырмашылық бар.
Оразаның соңында АҚШ елінде болсам, оразаны қай елге қарап аяқтаймын? Бір күн айырмашылық бар.
7 жыл бұрын 5773

АҚШ-та ораза 1 күн ерте басталған болатын (2018 ж, 16 мамыр). Мен ол кезде Қазақстанда болған едім, бірақ оразаны осында аяқтаймын ИншаАлла. Бұл жақтағы аймен 29 күн ғана болып қалады, бұл жақтағылар 30 күн ұстаулары тиіс.  Демек алғашқы күнінің қазасын өтеуім керек пе, әлде қалай? Рахмет, Алла разы болсын!AQ

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дін ғалымдарының айтуы бойынша, өз елінде бастаған оразасын, басқа бір елде аяқтап жатса, сол барған елдегі жергілікті халықпен бірге оразаны аяқтап, айтты солармен бірге қарсы алады. Ондайда бастысы ұстаған оразасы бас-аяғы 28 күн болып қалмаған болуы керек. Егер, екі ел арасындағы айырмашылық себепті ұстаған оразасы бас-аяғы 28 күн ғана болып тұрса, онда айттан кейін бір күндік қазасын өтеп, оразасын 29 күнге толтырады. Ал, ұстаған оразасы 29 немесе 30 күн болып тұрса, онда оразасы толық саналады. Мысалы,  жергілікті халық 29 күн ұстап, бұның оразасы 28 күнге кеміп қалды делік. Мұндайда айттан кейін бір күнін қаза етеді. Ал, жергілікті халық 30 күн ұстап, мұның ұстаған оразасы 29 күнге толып тұрса, онда оразасы толық саналады, мұндайда қосымша бір күн қаза ораза ұстаудың қажеті жоқ[1].  

Осыған қатысты «Сахих Мүслимде» мынадай риуаят келтірілген:

«Харис қызы Уммуль Фазл баласы Күрәйбті сахаба Мұғауияға жібереді (Алла олардан разы болсын). Курәйб былай әңгімелейді: «Мен Шамға (Сирия) келгенімде, рамазан айы жұманың түнінде көрінді. Рамазан айының соңғы күнінде Медине қаласына келдім. Ол жерде Абдулла ибн Аббас (р.а.) менен:

- Сендер Рамазан айын қашан көрдіңдер?», – деп сұрады. 

- Біз оны жұма түні көрдік - деп жауап бердім. Сонда Абдулла ибн Аббас:

- Сен өзің көрдің бе? - деді. 

- Иә. Менен басқа да адамдар көрді. Мұғауия да, халық та сол күні ауыздарын бекітті.

- Ал біз оны сенбінің түнінде көрдік. Сондықтан, біз (Шәуәл) айын көрмейінше отыз күнге толтырып ұстайтын боламыз.

- Мұғауияның айды көруі және Оның ораза ұстауы бізге дәлел емес пе?

- Жоқ. Алла Елшісі солай бұйырды - деп жауап береді сахаба Абдулла ибн Аббас[2]. 


[1] Хисамуддин ибн Муса Афана: Ясәлунәкә ан рамазан. 40 бет.
[2] Муслим: Китабус Сиям – (1087) 28

Абдусамат Қасым