Оразаны қай елге қарап ұстаймыз: Қазақстанға ма, Сауд Арабстанға ма?
Оразаны қай елге қарап ұстаймыз: Қазақстанға ма, Сауд Арабстанға ма?
11 жыл бұрын 4153

Ассаламуғалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, биыл біздің ел бірқатар елдермен бірге оразаны бастап кетті. Алайда, басқа мемлекеттерде бір күн кеш басталады екен. Қазақстанда тұратын біздерге өзге мемлекеттің есебі бойынша оразаны бастаса бола ма, мәселен, бүгін емес ертең делік? Арман.

Уағалейкумуссалам! Арман мырза, айдың көрінуіне байланысты ораза ұстау уақыты әр елде әртүрлі болуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда кей мемлекеттер астрономиялық есепке сүйеніп рамазан айының уақытын алдын ала анықтап соған қарай оразаны ұстайды. Кей елде «айды көзбен көру керек» деген қағидаға сүйенеді. Десе де, негізгі мәселе айды көру емес, рамазан айының кіріп-кірмегендігін анықтау болғандықтан, астрономиялық есепке жүгінудің еш терістігі жоқ. Себебі бүгінгі таңда астрономия ғылымының көмегімен айдың тууын быйлай қойғанда, әрбір намазымыздың уақытын минут-минутына дейін есептеп отырған жоқпыз ба?

Сондай-ақ, риуаяттарға қарағанда ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) бір бәдәуи келіп рамазан айының туғанын көргендігін айтады. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.у.): «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммад Алланың Елшісі екендігіне күәлік етесің бе?», - деп сұрады. Ол күәлік ететінін айтады. Бұл сөзден кейін Пайғамбарымыз Әзіреті Біләлға: «Азан шақыр! Халық ертен ауыз бекітсін», - деді.[1] Бұл жерде Пайғамбарымыздың өзі бір кісінің күәлік етуіне сүйеніп Рамазан айының келгендігін бекітіп отыр. Ал, қазіргі кезде мұсылман астрономдардың анықтауларына сүйеніп, ораза ұстаудың шариғатқа қайшы тарапы болмаса керек.

Осы тұрғыда, мұсылмандар өз елінде бекітілген уақыт бойынша ораза ұстаулары керек. «Пәленше елде ертең екен, мен ертең ұстаймын» деу дұрыс емес. Бұл бір шетінен сол елдің мұсылмандары арасында бөлінушілікке, кикілжіңге алып келсе, екіншіден, әрбір елдің бекіткен ораза уақыты бойынша ораза ұстау – шариғат талабы. Неге десеңіз, «Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында келтірілген риуаяттың бірінде мынадай мәлімет орын алған:

Харис қызы Уммуль Фазл, Күрәйб есімді кісіні сахаба Мұғауияға жібереді (Алла олардан разы болсын). Әрі қарай Курәйб былай әңгімелейді: «Мен Шамға (Сирия) келгенімде, рамазан айы жұманың түнінде көрінді. Рамазан айының соңғы күнінде Мәдинә қаласына келдім. Ол жерде Абдулла ибн Аббас менен:

- Сендер Рамазан айын қашан көрдіңдер?», – деп сұрады. 

- Біз оны жұма түні көрдік - деп жауап бердім. Сонда Абдулла ибн Аббас:

- Сен өзің көрдің бе? - деді. 

- Иә. Менен басқа да адамдар көрді. Мұғауия да, халық та сол күні ауыздарын бекітті.

- Ал біз оны сенбінің түнінде көрдік. Сондықтан, біз (Шәуәл) айын көрмейінше отыз күнге толтырып ұстайтын боламыз.

- Мұғауияның айды көруі және Оның ораза ұстауы бізге дәлел емес пе?

- Жоқ. Алла Елшісі солай бұйырды.[2]

Бұл хадисте Абдулла ибн Аббас Рамазан уақытын Сирия өңірі бойынша емес, өзі тұрып жатқан Мадина қаласы бойынша есептеп тұр.  Ендеше, біздің елдегі мұсылмандар да, еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының анықтаған уақыты бойынша ораза ұстаулары тиіс.

[1] Тирмизи, Китабус саум – 691 хадис.
[2] Муслим: Китабус Сиям – (1087) 28.; 
Ескерту: Бұл мәлімет 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның аз-кем өзгертіліп, қайта жария етілген түрі.

Абдусамат Қасым