Ассаламуалейкум! Ораза кезінде күндіз душқа түсуге бола ма? Алдын ала рахмет.
Оразада күндіз душқа түсуге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Аузы берік мұсылман күндіз душқа түсіп шомылуына болады. Оразаға тигізер зияны жоқ. Оразасын бұзбайды. Себебі, душқа түскен жағдайда ішке ештеңе кетпейді. Сондықтан да, оразасы бұзылмайды. Бастысы су жұтып қоймауға ден қоюы тиіс және ауыз шаярда тамақты шаймаған абзал, өйткені тамақты шайғанда су жұтылып кетуі мүмкін. Шариғатта аузы берік кісі жуынбау керек деген қағида жоқ. Имам Ағзам Әбу Ханифаның (р.а.) күннің ыстығынан салқындану мақсатында суға шомылуды жеңіл мәкруһ санағаны бар, алайда бұл жуынғанға қатысты емес, ол күннің ыстығына салқындану мақсатында салқын суға түсуге қатысты, оның өзінде жеңіл мәкруһ делінген. Ал Имам Әбу Юсуф салқындану мақсатында да салқын суға түсуді мәкруһ санамаған.
Тоқ етерін айтқанда аузы берік кезде күндіз душқа түсіп жуынуға болады, мұндай ғалымдар арасында талас жоқ. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!