Оразада күйеуі жақындасуға мәжбүрлеген әйел кәффәрәт өтеуі тиіс пе?
Оразада күйеуі жақындасуға мәжбүрлеген әйел кәффәрәт өтеуі тиіс пе?
8 жыл бұрын 27469

Әссәләмуғалейкум! Маған мынадай сұрақ қойып еді. Сіз не айтасыз: «Сәлеметсіз бе! Ораза қабыл болсын... Менің сұрағым бар еді. Ұялып әрі өзімді жек көріп, кімнен сұрарымды білмей, басым қатты. Мен оразамын. Күйеуім аузы ашық. Екі күндік сапардан келген ол күндіз қоймай мен қарсы болсам да (кешіріңіздер) жыныстық қатынаста болдық. Күйеуіңді разы қылмасаң періштелер лағынет айтады деген есіме түсіп, келістім.  Енді сол күнді қалай өтеймін? Кәффәрат оразасын естіп, өзімді кешіре алмай отырмын. Кәффәрат бола ма, әлде бір күн ба? Ертесіне интернеттен қарадым. Сонда білдім кәффәратты. Білсем, жол бермейтін едім ғой... Анон. 

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әууелі мына нәрсені ұмытпау керек: Ханафи мәзхабы бойынша, жыныстық қатынас себепті ораза кәффәратын өтеу қажет деуіміз үшін – мәжбүрленбеген болуы керек. Күштеп, мәжбүрленген жағдайда кәффәрат оразасын өтемейді (яғни, алпыс күнді). Оның орнына Рамазаннан кейін бір күн ұстайды[1]. Күнә мәжбүрлеушіге болмақ.

Енді, сұрақ сұраушының айтысына қарағанда мәжбүрленгендіктен гөрі, көндігу көбірек байқалады. Бұлай болған жағдайда, Ханафи және Мәлики мәзхабтарында әйелге де кәффәрат өтеу қажет. Алайда, Имам Шафиғи (р.а.) әйел қарсылық танытпай еріне бой ұсынған күннің өзінде кәффәрат тек еркек үшін керек, әйел үшін керек емес деген[2]. 

Осыған орай, біріншіден - әйел кісі кәффәрат өтеу керектігін білмеген. Екіншіден – дінге енді бет бұрып, оразаны жаңадан ұстап жатқан жанға ұқсайды. Көп нәрседен хабары жоқ. Кейбір Ислам ғалымдары, әйел кісінің кәффәрат өтеу керектігін білмеуі немесе дәл сол сәтте ораза екендігін ұмытып кетуі кәффәрат өтемеуге себеп екендігін меңзеген[3]. Сондықтан да, сауал жолдаушы әйел Рамазан айынан соң бір күн қазасын өтесе жеткілікті деген ойдамын. Кәффәрат қажет емес. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Ескерту: Дінімізде Рамазан айында күндіз, ауыз берік кезде төсек қатынасына түсу қатаң тыйым салынған. Кешке, ауыз ашқаннан кейінгі уақыттарда оған рұқсат[4].


[1] Ибн Ғабидин: Хашия – 6/318 бет.
[2] Ибн Рүшд: Бидәятуль Мүжтәһид - 254 бет.
[3] Әл-Бәһути: Шәрху мүнтәһәл Ирадат.
[4] Бақара сүресі, 187 аят.

Абдусамат Қасым