Ораза ұстап жүріп, тамақ істеуге бола ма? Ораза ұстамайтын күйеуіне тамақ дайындау күнә ма?
Ораза ұстап жүріп, тамақ істеуге бола ма? Ораза ұстамайтын күйеуіне тамақ дайындау күнә ма?
5 жыл бұрын 25005

Сәлеметсіз бе! Ораза кезінде тамақ істеуге болады ма? Тамақтың иісі мұрынға келсе ораза бұзылмайды ма?

Махаббат.

Сәлеметсіз бе! Күйеуім ораза ұстамайды. Оған күндіз тамақ берсем бола ма?

Анон. 

Сәлеметсіз бе! Ораза ұстап, ауыз бекітіп жүрмін. Бірақ та менің екі кіші ұлдарым бар. Үлкенім мектеп оқушы, ал кіші мектепке бармайды. Оларға тамақтар жасап беретін менен басқа ешкім жоқ. Менің ораза ұстап жүргенім дұрыс па?

Зүлфия.

Сәлеметсіз бе! Тамақ істеген адамның оразасы бұзылмайды. Мұрынға келетін тамақтың иісі де оразаны бұзбайды. Сол себепті, ауыз берік кезде тамақ істей берудің ағаттығы жоқ. Тек, пісіп жатқан тамақтың буын әдейлеп бетке тосып, иіскемеу керек.   

Ендігі жерде, себепсіз ораза ұстамайтын күйеуіне тамақ істеп беру мәселесіне келер болсақ:

Ораза тұту парыз емес адамдарға тамақ істеп, асын дайындап берудің еш күнәсі жоқ. Мысалы, сырқат адамға, кәрілік себепті ораза ұстай алмайтын қарияларға, әлі балиғатқа толмаған балаларға, жолаушы кісіге т.б.

Ал, себепсіз ораза ұстамайтын кісілерге күндіз тамақ істеп беру мәселесіне қатысты біраз дін мамандары қарсылық білдірген. Олардың пайымынша, әдейі ораза ұстамай жүрген күйеуіне тамақ істеп беруге болмайды.

Әйткенмен, біздің ойымызша, әркім өз күнәсін өзі көтереді. Әйел кісі үй ішіндегі өз міндеттемелерін атқаруға тиісті. Сондай міндеттемелерінің бірі - күйеуіне тамақ пісіріп беру. Сондықтан да, қажет боп жатса, ауызы берік болса да ораза ұстамайтын еріне тамақ пісіріп, асын әзірлеп берудің күнәсі жоқ. Осы тұрғыда, ораза ұстамайтын отағасы да өз кезегінде, түсіністікпен қарап, анша-мұнша асын өзі дайындап ішіп, осылай ауыз бекіткен әйеліне демеу білдіргені жөн.

Абдусамат Қасым