Ораза кәффәратына қатысты мәліметтер
Ораза кәффәратына қатысты мәліметтер
10 жыл бұрын 9876

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Оразаңыз қабыл болсын! Кәфәрат өтеу жолдарын нақты түсіндіріп беріңізші! 60 күн міскіннің тамағын немесе ақшасын қалай, қайда, қандай сомада беруге болады? Гүлзәт Утебаева

Уағалейкумсалам уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ!
Әлдекімнің әдейі бұзған оразасы үшін: бір құл азат етуі тиіс, құл азат етуге мүмкіндігі болмаса, 60 күн үзбей ораза ұстайды (кәфәрат қазасы), оған шамасы жетпесе ғана 60 пақырды тойдырады[1]. Бұл кәфәратты шариғатта «ораза кәфәраты» дейді[2].

Кәфәрат ретін сақтау шарт па?

Ханафи мәзхабы мен Шафиғи мәзхабы ғалымдарының пікірлері бойынша кәфәрат ретін сақтау шарт. Яғни, әуелі құл азат ете алатын болса, соны азат ету арқылы кәфәратын өтейді. Ал азат ететін құлы жоқ кезде ғана екі ай үзбей ораза ұстайды. Екі айға шамасы жетпей жатса, онда 60 пақырды тойдырудың реті келеді.

Дегенмен Мәлики мәзхабы ғалымдары «ретті сақтау шарт емес» дейді, кәфәрат өтейтін кісінің өз ықтиярында: қаласа құл азат етеді, қаласа ораза ұстайды, немесе  алпыс пақырды тамақтандырады.

Кәфәрат оразасы  қалай ұсталады?

Кәфәратты ораза арқылы өтеген кісі үзбей екі ай ұстауы тиіс. Айт күндеріне сәйкес келіп қалмауына мән беру керек. Бұл оразаны қандай да бір жағдаймен арасын үзіп қойған болсаңыз, онда қайтадан басынан бастап ұсталынады. Мысалы, үзбей 45 күн ұстап келе жатып, бір жағдайлармен 45-ші күні күндіз аузын ашып қойған кісі немесе 46-шы күні бір күн ұстамай қалса, онда қайтадан басынан бастап ұстайды. Бұл кәфәрат оразасына қатысты. Ал қаза оразада «үзбей ұстау» талабы қарастырылмайды.

ЕСКЕРТУ: Кәфәрат оразасы да әдеттегідей ұсталады. Яғни, күндіз ішіп-жеуден тыйылып, кешке аузын ашады, сәресін ішеді. Үзбей ұстау керек дегендегі мақсат – кешке де нәр татпау керек дегендік емес.

Әйел кісі кәфәрат оразасын ұстау барысында етеккірі келсе, не істейді?

Әйел кісілердің кәфәрат қазасын өтеу барысында етеккірі келген жағдайда оразасын доғарып,  хайызы тоқтағаннан кейін, оразасын сол тоқтаған жерінен ары қарай жалғастырып кетеді. Мысалы, екі ай кәфәрат оразасының оныншы күнін ұстап, он бірінші күніне аяқ басқан шақта әйелдің хайызы келсе, ол аузын ашады.  Хайызы тоқтаған соң кідірген жерінен ары қарай кәфәрат оразасын жалғастыра береді. 

Оразаға шамасы жетпейтін қария мен жазылуы неғайбыл ауруға шалдыққан кісі кәфәратын қалай өтейді?

Ораза ұстай алмайтын қариялар мен науқастардың егер мойнында бұрыннан қалған кәфәраты болса, онда олар: мұсылман, аш, балиғатқа толған немесе ересек алпыс міскінді таңертең және кешке екі мезгіл, бір рет тойдырады. Екі мезгіл бидай ұнынан жасалған нанның құрғақтай құр өзін адам тоятындай мөлшерде жегізсе де болады. Арпа ұнынан жасалған нан берер болса, тек өзін емес, қасына тұздық, дәмдеуіш болар өзге ас түрін  қосқаны дұрыс. Мысалы сүт, айран, түрлі көкөністер т.б.

Алпыс міскіннің әрқайсысына 1,7 килограммға жуық бидай (ұн да болады) немесе 3 килограммға жуық арпа, яки құрма не құрғақ жүзім берсе де болады.

Аталмыш дақылдардың құнын әрқайсысына бөлек ақшалай беруге де рұқсат.

Бір міскінді 60 күн бойы тамақтандырса бола ма?

Алпыс міскінді бір күнде тамақтандыру шарт емес, бір міскінді 60 күн бойы тамақтандыруға да болады. Бұнымен қатар жоғарыда аталған дақылдарды яки олардың күнделікті құнын әр күні бір ғана міскінге екі ай бойы беріп отырса да жеткілікті.

ЕСКЕРТУ: Бір міскінге екі айлық құнын бірден бере салуға болмайды. Күнделікті құны екі ай бойы бөліп беріп отырылуы тиіс. Мысалы, таңертең кешке екі бөлке нан жейтін кісіге әр күні екі бөлке нан беріледі. 120 бөлке нанды бір күнде берсе, ол тек бір күндігіне есептеледі. Сондай-ақ, ақшалай беретін кезде екі айды бірақ берсе, ол да бір күндік болып саналады. Сондықтан оны бірақ бермей, күнделіктісін екі ай бойы беріп отыру керек[3].

[1] Хадис: Бухари – 1936; Муслим – 1111.
[2] Ораза кәфәратын қажет еттіретін жағдайларды білгіңіз келсе мына сілтемеге кіріңіз: http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/oraza/qandai-jagdailarda-oraza-kafaraty-qajet-175/
[3] Ибн Ғабидин: әл-Һәдияту – 139 бет. (Арап тілінде); О.Н.Білмен – Ғылымхал. (Түрік тілінде)

Абдусамат Қасым