Емізулі балам бар, ораза ұстасам бола ма?
Емізулі балам бар, ораза ұстасам бола ма?
9 жыл бұрын 69535

Сұрақ:

Сәлеметсіз бе! Кешіріңіз, менің 9 айлық балам бар. Балам әлі омыраудан шыққан жоқ. Маған ораза ұстауға бола ма?

Сұрақ:

Сәлеметсіз бе! Менің 1 жаста емізулі балам бар. Бала емізе жүріп ораза тұтуға бола ма? Бағилә.  

Сұрақ:

Әссәләмуғалейкум! Бес айлық баласы бар әйел Рамазан оразасын ұстамау үшін үзірлі адам қатарына жата ма? Бала емшек сүтінен басқа тамақ жемейді.   Нұршат  

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Емізулі баласы бар əйел адамға ораза тұтпауына рұқсат етілген. Бұған қатысты сахаба Әнәс бин Мәликтен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Күмәнсіз Алла тағала сапардағы адамның намазын жартыға қысқартты. Және оразаны оған (жолаушыға) және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді...», - деді. (Ибн Мәжә – 1667.).

Дегенмен, бұл – омыраудағы баласына немесе іштегі балаға оразаның залалы тиеді деп қауіптенген жанға қатысты.

Ал, ауыз бекітсе де сәбиі тоярлықтай сүті азаймайтын ана ораза ұстауы тиіс. Алда-жалда, сүті тартылып, сәбиге зияны тиіп жатса, немесе өзі сырқаттанып, ауыз бекітуі қиындаса ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ, алдағы уақыттарда (Рамазаннан кейінгі уақыттарда) жіберіп алған оразасының қазасын өтейді. (Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 2/614 бет.).

Осы орайда айта кетелік: ауызы берік бола тұра баласын емізген ананың оразасы бұзылмайды. 

Абдусамат Қасым