Ассаләмуғалейкум! Бұрынғы Рамазан айларында ораза ұстап жүріп, әдейі бұзған күндерім бар. Солардың бәрін есептеп қарасам: әрқайсысына мың күндей кәффарат оразасын ұстауым керек екен. Кәффарат ұстауым міндетті ме, әлде басқалай жеңілдігі бар ма? Анон.
|
Бұрынғы Рамазан айларында әдейі бұзған оразаларым бар. Солардың әрбіріне кәффәрат өтеуім керек пе?
|
Ханафи ғалымдарының тоқтамы бойынша, бірнеше Рамазан айларындағы себепсіз бұзған оразалары үшін бір кәффәрат өтесе жеткілікті. Бұл жайында Ханафи ғалымы Имам Шүрунбүләли былай деп айтады:
«Ораза күндерінде орын алған төсек жақындығы үшін және бірнеше рет әдейі ішіп-жегені үшін, бір рет кәффарат өтесе жеткілікті, егер арасында кәффарат кірмеген болса. Тіпті, екі Рамазан айында орын алған болса да (бір кәффарат жеткілікті). Дұрысы осы»[1].
Бірақ кәффәрат өтеп болғаннан соң, қайта оразасын себепсіз әдейі бұзса, ол үшін бөлек кәффәрат өтеуі тиіс, алдыңғы өтеген кәффәраты кейінгісіне жүрмейді[2].
[1] Имам Шүрүнбүләлі: Имдәт. 652 бет.
[2] Ömer Nasûhî Bilmen: Büyük İslâm İlmihâli. 291 бет.
Абдусамат Қасым