Ауыз ашарда әуелі ас ішу керек пе, әлде намаз оқу керек пе?
Ауыз ашарда әуелі ас ішу керек пе, әлде намаз оқу керек пе?
6 жыл бұрын 23291

Сәлеметсіздер ме! Ауыз ашқанда бірінші ас ішіп одан кейін намаз оқып жүрмін. Мұным қате ме? Бірінші намаз оқып, одан кейін ас ішкен абзал ма? Сәуле.

Сәлеметсіз бе!

Ауыз ашар уақыты кірген жағдайда әуелі құрма немесе сумен ауыз ашып, артынан намаз оқып, одан кейін барып асқа отырған абзал. Әсіресе, «дастархан басында ұзақ отырып қалам» деп қорыққан кісі әуелі намаз оқып, одан кейін асын ішкені дұрыс. Сахаба Әнәс ибн Мәлик былай деген:

«Алла елшісі намаздан бұрын шырынды құрмамен ауыз ашатын. Егер шырынды құрма болмаса, кепкен құрмамен, ал ол да болмаса бірнеше мәрте су ұрттап (үш рет ұрттап) ауыз ашатын»[1].

Дегенмен, қатты ашыққан кісі әуелі аз-маз жүрек жалғап алып, көп кешіктірмей намазға тұрып жатса да қате емес.

Көп кешіктірмей деуімнің себебі, ақшам намазын ертерек оқу - мұстахаб, ал оны қараңғы батып, жұлдыз шыққанша кешіктіру мәкруһ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір асыл сөзінде былай деп ескертеді:

«Менің ұмметім ақшам намазын жұлдыз қаптағанға дейін кешіктірмейінше, жақсылықта немесе (ислам) фытратында бола бермек».

Бұл хадисті жеткізуші сахаба Әбу Әюб әл-Ансари (р.а.) бір күні «Ғази» болып Мысарға келеді. Ол кезде Мысырда сахаба Ъуқба ибн Ъамир да бар екен. Ақшам уақыты болып, сахаба Ъуқба ақшам намазын кешіктіріп оқиды. Оқып болғаннан кейін Әбу Әюб әл-Ансари тұрып: «Мынау қандай намаз, ей Ъұқба?» - деп сұрайды. «Бізді бір нәрсе мәшғұл етті» деп жауап береді Ъуқба (р.а.). Сонда Әбу Әюб әл-Ансари (р.а.) оған: «Аллаға ант етейін, адамдар сені "Пайғамбардың осылай істегенін көргендіктен (солай істеген шығар)" деп ойлайды. Алла елшісінің былай дегенін естімеп пе едің» - деп ардақты сахаба жоғарыдағы хадисті риуаят етеді[2].

Осыдан келіп Ханафи ғалымдары: «Ақшам намазына асығу – мұстахаб, ал кешіктіру мәкруһ» - деп пәтуа байлаған[3].  

Ақшам намазының уақыты:

Ақшам намазының уақыты - күн батқаннан басталып, көкжиектегі қызыл шапақтан кейінгі ағарған (ақ шапақ) кеткенше жалғасады. Бұл Әбу Ханифаның пәтуасы. Және бұлай деуші сахабалар: Әбу Бәкір Сыддық, Әнәс ибн Мәлик, Муъаз ибн Жәбәл, Айша анамыз (р.анһум).

Ал, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед және өзге үш мәзхаб ғұламалары болса, ақшам намазының уақытын «күн батқаннан бастап, қызыл шапақ кеткенше жалғасады» деген[4]. 


[1] Әбу Дәуід: Сүнән – Китабус саум. № 2356 хадис. كان رسول الله صلى الله عليه وسلم يفطر على رطبات قبل أن يصلي فإن لم تكن رطبات فعلى تمرات فإن لم تكن حسا حسوات من ماء
[2] Әл-Хаким: әл-Мүстәдрак. №711 хадис.
[3] Әл-Мәрғинәни: әл-Һидая. Бәбуль Мәуәқит. Басқа бір риуаятта Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Біз Алла елшісімен бірге намаз оқитын едік. Намаздан кейін садақ оғымызды лақтырғанымызда, әркім өз садағының түскен жерін көретін»  - дей келе, ақшам намазын ерте оқитындықтарына ишара еткен. (Әбу Дәуід).
[4] Бәдруддин ал-Айни: әл-Биная шархуль хидая. 2/26 бет. Екі шапақ арасы (қызыл шапақ пен ақ шапақ) шамамен 13-15 минут делінген. 

Абдусамат Қасым