Сәлеметсіздер ме! Зина жасаған әйел қайтыс болса, оның жаназасы шығарыла ма? Қабірге көміле ме? Анон.
|
Зинашы әйел қайтыс болса, жаназасы шығарыла ма?
|
Құрметті сауал жолдаушы!
Мұсылман адам зинашы болса да, жаназасы шығарылады. Зина жасау өте ауыр күнә. Сәйкесінше ақыреттегі татар азабы да ауыр болмақ, оған байланысты бірнеше сахих хадистер дәлел. Сол себепті, ондай қадамға барған мұсылман жан алқымына келмей тұрып, тәубе етіп, дұрысталып үлгергені дұрыс. Тәубе етіп, дұрысталған пендесін Алла Тағала «кешірем» деген.
Ал сол күнә ісінен тыйылмай, бір жағдайлармен бақилық болып кеткен мұсылман әйелдің жаназасы шығарылады және дұға оқып, құран бағышталады, ол үшін жарылқау тіленеді. Ал о дүниедегі жағдайы бір Аллаға тапсырылады. Бұған қатысты Имам Мұхаммед (р.а.) ұстазы Әбу Ханифадан мынадай хадис жеткізеді:
«(Абдулла) ибн Омар (радияллаһу анһ) зинадан бала дүниеге алып келген әйелдің жаназасын шығарды. Әйел де, баласы да қайтыс болған-тын. Оның жаназасын (Абдулла) ибн Омар шығарды». Осы риуаятты келтіргеннен соң Имам Мұхаммед (р.а.) жалғастырып былай деді: «Біз осыны аламыз. Қыбла иелерінен болған ешкім жаназасы шығарылмай қалмайды және бұл – Әбу Ханифаның да сөзі (радияллаһу анһ)»1.
1Имам Мұхаммед: «Китабуль Әсәр». №248 хадис.