Тәһәжжуд намазын жамағатпен оқуға бола ма?
Тәһәжжуд намазын жамағатпен оқуға бола ма?
9 күн бұрын 1520

Тәһәжжуд намазын жамағатпен оқуға бола ма?

Ханафи мәзхабында нәпіл намаздарды жамағатпен оқу мәкруһ саналған. Тәһәжжуд намазы да нәпіл намаз қатарынан саналатындықтан оны да жамағатпен оқу мәкруһ болмақ. Нәпіл намаздарды әркім өзі жеке оқығаны абзал. Бірақ, намазды енді үйреніп жүргендер болса, білетіндердің артында тұрып, үйренгенше қосылып оқыса болады.

Нәпіл намаздарды жеке оқыған абзал дегенге қатысты Имам Мұхаммедтен (р.а.) шәкірті былай деп сұрайда: «Рамазан айындағы намаз бен Кусуф намазынан өзге нәпіл намаздарды жамағатпен оқу мәкруһ пе?» дегенде, Имам Мұхаммед: «Иә» деп жауап береді де сөзін жалғап: «Кусуф намазын жұма намазы оқылатын мешіттің имамымен ғана жамағат боп оқу керек, ал адамдардың мешіт имамысыз кусуф намазын жамағатпен оқуларын құп көрмеймін, жалғыз оқулары тиіс» дей келе күн тұтылғанда оқылатын намаздың да үкімін білдіріп өткен1.


1 Имам Мұхаммед: «әл-Асл». Китабус салах. Кусуф намазы.

Абдусамат Қасым