Сүннет намаздарында да «сәһу сәждесі» жасалу керек пе?
Сүннет намаздарында да «сәһу сәждесі» жасалу керек пе?
2 ай бұрын 1944

Сәлеметсіздер ме! Сүннет намаздарында да сәһу сәждесін жасауымыз керек пе, әлде тек парызда ғана ма? 

Сәлеметсіз бе! 

Алдымен айта кетелік: сәһу сәждесі дегеніміз, намаз ішінде жіберіп алған қателіктер үшін намаз соңында жасалатын екі сәжде. Мұны «қателік сәждесі» деп атауғада болады. Қателік сәждесі - намаздың уәжіптерін істемей қалғанда, намаздың уәжіптері мен ішкі парыздарын кешіктіргенде, парыз қимылдарды артығымен жасағанда, намаз қимылдарының орнын ауыстырып қойғанда т.б. осы сияқты абайсызда жасалған намаз ішіндегі қателіктер үшін сәжде түрі.

Қателік сәждесі парыз намаздарына да, сүннет намаздарына да және нәпіл мен үтір намаздарына да қатысты. Бұл дегеніміз, сүннет намаздарында мысалы, зәм сүресін оқуды ұмытып кетсе немесе фатиха сүресін оқымаса, не, алғашқы отырыста әттахият отырысына отырмай, үшіншіге тұрып кетсе, яки бірінші отырыста аттахиятпен қоса, салауатты оқып қойса, үш сәжде жасаса т.б. осы сияқты Сәһу сәждесін керектірер қателіктер орын алған жағдайда намаз соңында сәһу сәждесін жасауы тиіс. 

Сәһу сәждесінің жасалуы

Сәһу сәждесін жасайтын кісі намаз соңында «аттахият» дұғасын оқиды, артынан оң жағына сәлем беріп, екі сәжде жасайды, сосын қайта «аттахият», «салауат» және «дұғаны» оқып, екі жаққа сәлем беріп намазын аяқтайды.

Алла Тағала құлшылықтарыңызды қабыл етсін!