Сапарға шықпай тұрып уақыты кірген намазды жолға шыққаннан кейін оқыса, қалай оқиды?
Сапарға шықпай тұрып уақыты кірген намазды жолға шыққаннан кейін оқыса, қалай оқиды?
6 жыл бұрын 7005

Әссәләмуғалейкум! Мен жолға шығуға ниет еткенімде, намаз уақыты кіріп қойған тұғын, қаладан шығып үлгермей тұрып. Енді, осы намазды жолда оқитын болсам, қысқартып оқимын ба, әлде толық па? Зуна.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тұрақты елді-мекеннен шықпай тұрып намаз уақыты кірген жағдайда оны жолда оқитын болса, қысқартып оқиды. Ал, елді-мекенінен шықпай тұрып оқитын болса, толық оқиды.

Деректерге қарағанда, Әзіреті Әли Басра қаласынан шыға берісте бесін намазын төрт рәкәғат етіп оқиды да артынан қасындағыларға: «Егер біз мына бір қорадан асқанымызда, бесінді қысқартып оқитын едік», - деп түсіндірді[1]. Бұл кезде Әзіреті Әли Куфаға жол тартып бара жатқан-тын.

Ескертпе: Әлдебір мұсылман жолаушы атану үшін, біріншіден - баратын жері кем дегенде 85-90 шақырым ұзақтықта болуы керек. Екіншіден – сапарға ниет еткен болуы керек. Үшіншіден – тұрғылықты елді-мекен аумағынан толық шыққан болуы керек[2]. Жолаушы үкіміндегі кісі төрт рәкәғаттық парыз намаздарын екі рәкәғатқа қысқартып оқиды. Ал, үш рәкәғаттық не екі рәкәғаттық парыздарды қысқартпайды. Сондай-ақ, сүннет намаздары мен үтір намаздарын да оқитын болса, қысқартпай, сол күйінше оқиды.


[1] Ибн Әби Шәйбә: Мусаннаф.
[2] Бәдәиъу – 1/467-468 бет. 

Абдусамат Қасым