Сәждеге барғанда бірінші мұрын тию керек пе, әлде маңдай ма?
Сәждеге барғанда бірінші мұрын тию керек пе, әлде маңдай ма?
6 жыл бұрын 11631

Ассаламуғалейкум уә рохмәтуллахи уә бәрәкәтуху! Намазда саждеге барғанда бірінші мұрын тию керек пе немесе маңдай ма? Нұралі.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәжде жасайтын кезде жерге тиюі керек ағзаларды былай деп сайып өткен:

أُمرت أن أسجد على سبعة أعظم: على الجبهة -وأشار بيده إلى أنفه- والكفين، والركبتين، وأطراف القدمين

«Мен жеті сүйекпен сәжде етуге бұйырылдым: маңдай (осы арада қолымен мұрнын да көрсетті) екі қол, екі тізе және екі аяқ ұшы», – делінеді риуаятта[1].

Сәждеге барарда бірінші тізе, сосын қол, одан кейін мұрын, соңында маңдай тиеді[2]. Сәждеден бас көтергенде бірінші маңдай, одан соң мұрын, кейін қол, соңында тізе көтеріледі.  

Сәжде жасағанда маңдайды жерге тигізу – парыз, ал маңдаймен бірге мұрынды (мұрын сүйегін) тигізу  – уәжіп. Маңдайды ғана тигізсе, намаз дұрыс. Ал тек мұрынды ғана тигізіп, маңдайды қоймаса Әбу Ханифа бойынша сәжде саналады, алайда Имам Юсуф пен Имам Мұхаммед тек мұрынды қойса, сәжде саналмайды деген, бірақ жарақат себепті болса, ол басқа[3]. Пәтуа қос имамның тұжырымына негізделген[4].

Ендеше, сәждеге барғанда маңдаймен қоса мұрынды да тигізесіз, маңдайдың өзін ғана тигізсеңіз де сәжде саналады, бірақ мәкруһ болмақ, ал үзірсіз тек мұрынды ғана тигізсеңіз, сәжде саналмайды. Алайда маңдайда жарақат болып, жерге тигізуге қиынсынсаңыз, тек мұрынды ғана жерге қоюға болады.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[2] Алләма АбдульХаий әл-Ләкнәуи: «Шархуль Һидая» – 1 том. 328 бет. «Идаратуль Құрани уәль Улумиль Исламия». Карачи-Пакистан. Хижри 1417 ж.
[3] Әли ибн Әбу Бәкір әл-Марғинәний: «әл-Һидая» – Китабус сала. Бабус сыйфатис саләһ.
[4] Алләма АбдульХаий әл-Ләкнәуи: «Шархуль Һидая» – 1 том. 328 бет. «Идаратуль Құрани уәль Улумиль Исламия». Карачи-Пакистан. Хижри 1417 ж.

Абдусамат Қасым