Сәждеде аяқ көтерілсе, намаз бұзыла ма?
Сәждеде аяқ көтерілсе, намаз бұзыла ма?
9 жыл бұрын 13333

Әссәләмуғалейкум! Сәждеде екі аяқ бірдей көтеріліп кетсе, намаз бұзыла ма? Нұрқанат Байзақов

Уағалейкум әссалам уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде былай деген: «Мен жеті сүйекпен сәжде етуге бұйырылдым: маңдай (қолымен мұрнын да көрсетті), екі қол, екі тізе және екі аяқ ұшы...»[1].

Ендеше, сәжде жасағанда аяқты көтермей жерге қою – уәжіп. Мұны парыз дейтін Ханафи ғұламалары да бар[2].

Сондықтан:

1.Сәждеде аяқты көтеру – харамға жақын мәкрүһ[3]. Осыған орай, бір сәжде бойынша аяқтарын әдейге көтеріп тұрған адамның намазы бұзылады. Абайсызда көтеріп, кейін қайта жерге тигізіп жатса, оның зияны жоқ.   

2.Сәждеде бір аяғын қойып, екіншісін көтеру де мәкрүһ. Алайда, жарақаты себепті көтерген жағдайда кешірім бар[4].

3.Сәждеде ең аз аяқтың бір саусақ ұшы жерге тиіп тұруы тиіс. (мысалы, басбармағының ұшы). Әйтсе де, сүннет бойынша, сәждеге барған адам башпайларын құбылаға қарата бүгеді[5]. Әбу Хумайд әс-Сағиди Пайғамбарымыздың сәжде жасау үлгісін түсіндіре келе: «...аяқтарының башпайларын құбылаға қарататын...»[6], – деген. 

4.Сәждеде аяғының сыртқы жағын қоймайды[7].

5.Сәждеге барған кезде байқаусызда аяқ көтеріліп кетсе, намаз бұзылмайды. Тек маңдайын жерден көтермей жатып аяқты қайта жерге тигізіп үлгергені дұрыс. Өйткені, аяқтың жерге тиіп тұруы сәжденің толық қанды жасалуын қамтамасыз етеді.


[1] Сахих Бухари-№779 хадис. (Фатхуль Бари шархы)
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мухтар - 3/329 бет; Қудури, Кәрһи, Жәссас сынды Ханафи ғалымдары сәжде де аяқты жерге қою парыз деген. Яғни, бұл пікірге қарағанда екі аяқ жерге қойылмаса сәжде жасаған болып есептелмейді. (Биная – 2/242 бет.)
[3] Бахрур раиқ – 1/556 бет.
[4] Фәтәуа әл-Хиндия –1/78 бет.
[5] Лүбәб – 1/70 бет. 
[6] Фатхуль Бари шарху Сахих Бухари, №794 хадис түсіндірмесі.
[7] Бахрур раиқ – 1/556 бет.

Абдусамат Қасым