Сәлеметсіздер ме! Құранны қазақша мағынасынан сәжде аяттарын оқыса, сәжде жасау керек пе? Рақмет.
|
Сәжде аятын қазақша мағынасынан оқыса да сәжде жасау керек пе?
|
Құрметті сауал жолдаушы!
Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.): «Тиләуәт сәждесін парсы тілінде оқыған жағдайда, оны естіген кісіге сәжде жасау уәжіп», – деген. Ал оның екі шәкірті: «Егер оның Құран аяты екенін (немесе сәжде аяты екенін) білсе ғана сәжде жасайды, ал білмесе – жасау міндет емес», – деген пікір айтқан¹. Тағы бір кітапта қос ғұламаның: «егер парсыша мағынасын түсінсе, сәжде жасайды, ал түсінбесе – жасамайды», – деген де көзқарастары келтіріледі². Ендеше, сәжде аятының қазақша мағынасын оқыған мұсылман оның сәжде аятының аудармасы екенін біледі әрі мағынасын түсінеді. Сондықтан да тиләуәт сәждесін жасағаны абзал.
«Тиләуәт сәждесі» деген не?
Құран Кәрімдегі сәжде жасауға бұйырған аяттардың бірін оқуды «тиләуәт сәждесі» дейміз (тиләуәт - оқу дегенді білдіреді). Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяты келген. Ханафи мазһабында осы аяттарды оқыған не естіген адамға бір рет сәжде жасау – уәжіп.
1Ибн Нүжәйм: «әл-Бахрур Раиқ».
2Имам Шүрунбәлули: «Мәроқиль Фәлләх Шәрху Нуриль Изах».