Рукуға үлгерген кісі қанша рет «тәкбір» алады?
Рукуға үлгерген кісі қанша рет «тәкбір» алады?
11 жыл бұрын 5260

Ассаламуғалейкум. Имамға кешігіп ұйығанда, намаздың бірінші рәкәғатының рукуғына үлгерсе, намаз толық бола ма? Және рукуғта сәнә дұғасын қателесіп оқып жіберсе, намаз бұзыла ма? Алмас Исаев.

Уағалейкумуссалам.

Алмас, имам рукуғта тұрған кезде ең кемі бір рет «сүбханАлла» дейтіндей мөлшерде имаммен бірге рукуғ жасап үлгерген кісі, сол рәкағатты толығымен орындаған болып есептеледі.  Бұған дәлел келтірер болсақ Сахаба Әбу Һурайраның (р.а) айтуы бойынша ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Біз сәждеге барған мезетте намазға келген болсаңдар, сендер де сәждеге (бізбен бірге) барыңдар. (Бірақ) Ол сәждені (толық) ракағат ретінде есептемеңдер. Ал кім рукуғқа үлгеретін болса (الركعة), толық намазға үлгергені»[1], - деген.

Бірақ, имам рукуғтан басын көтерген сәтте қосылған болса, әлгі ракағатқа үлгермеді деп есептеледі. Бұл жайында Алланың елшісі былай дейді: «Имам белін көтермей жатып, намаздың рукуғына үлгерген кісі сол (ракағатқа) үлгергенге есеп»[2].

Осы жерде мынаны ескерте кететін мәселе, имам рукуғта тұрған кезде келген кісі әуелі «ифтитах тәкбірін»[3] алып, артынан: «Аллаһу әкбәр», - деп рукуға барады. Деректерге қарағанда сахаба Зайд ибн Сәбит және ғалым табиғин Ъуруә ибн Зубәйр[4] (р.а.) осылай істейтін[5]. 

Рукуғта қателесіп «сәнә дұғасын» оқып қойған жағдайда намаз бұзылмайды.

[1] Әбу Дәуід – Бәбу фир ражули юдрикул имәмә сәжидән- №893. (Ъаунул маъбуд)
[2] Даруқутни: Китабус сала - باب من أدرك الإمام قبل إقامة صلبه فقد أدرك الصلاة – 1297.
[3] Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір, яғни, ниет ете салысымен тік тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағуды білдіреді. Әрі бұны «Тахрима тәкбірі», деп те атайды.
[4] Сахаба Зубейр ибн Ъауамның ұлы. Көптеген сахабалардан хадис риуаят еткен. Айша анамыздың қолында діни үкімдерді үйренген кісі.
[5] Ибн Әби Шәйбә: Әл-Мусаннаф - Китабус сала

Абдусамат Қасым