Құптан намазының екі бас сүннетін үтірден алдын оқуға қатысты қандай дәлел бар?
Құптан намазының екі бас сүннетін үтірден алдын оқуға қатысты қандай дәлел бар?
6 жыл бұрын 5389

Ассаламу'алейкум. Үтір намазын құптанның сүннетінен кейін оқуға қандай дәлел бар? Қалыбек  Тобышбаев.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Имам Тирмизидің хадистер топтамасында мынадай сахих хадис келтірілген:

مَنْ ثَابَرَ عَلَى ثِنْتَيْ عَشْرَةَ رَكْعَةً مِنْ السُّنَّةِ بَنَى اللَّهُ لَهُ بَيْتًا فِي الْجَنَّةِ أَرْبَعِ رَكَعَاتٍ قَبْلَ الظُّهْرِ وَرَكْعَتَيْنِ بَعْدَهَا وَرَكْعَتَيْنِ بَعْدَ الْمَغْرِبِ وَرَكْعَتَيْنِ بَعْدَ الْعِشَاءِ وَرَكْعَتَيْنِ قَبْلَ الفجر رواه الترمذي

Мүміндердің анасы Айшадан (р.а.) жеткен ол хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүннет намаздарды баяндай келе, олардың ретін де айтып өткен:

«Кімде-кім (күнделікті) он екі рәкәғат сүннет намаздарын үнемі (тастамай) оқып жүрсе, Алла Тағала ол адамға пейіштен үй соғып қояды (ол он екі рәкәғат келесідегідей): Бесіннің (парызының) алдында төрт рәкәғат және одан кейін екі рәкәғат, ақшамнан (парызынан) кейін екі рәкәғат, құптаннан (парызынан) кейін екі рәкәғат және де таң намазының (парызынан) бұрын екі рәкәғат»[1].

Осы хадистен байқағанымыздай, құптанның парызын оқып бола сала, екі рәкәғат сүннеті оқылады. Одан соң барып үтір намазының кезегі келеді. Пайғамбарымыздан бері жалғасып келген тәртібі солай. Мұнда ғалымдар арасында талас жоқ.


[1] Имам Тирмизи: Сүнән - №414 хадис.

Абдусамат Қасым