Құбылаға қарай аяқ созу мәкруһ пе?
Құбылаға қарай аяқ созу мәкруһ пе?
1 ай бұрын 1375

 Аяқты құбылаға созып отыру немесе құбылаға аяқ созып жату мәкруһ пе?

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Аяқты әдейі, үзірсіз құбылаға созу мәкруһ үкімін тудырады. Мұндай әрекет құбылаға деген құрметсіздік, әдепсіздік болып есептеледі. Құранда: "Алланың рәсімдерін ұлықтау (құрметтеу) - жүректің тақуалығынан" дейді Алла Тағала. ("Хәжж", 32ّ). Аяқ созудың мәкруһтігі жайында Ханафи ғалымдары өздерінің кітаптарында бірнеше рет айтып кеткен. Мәселен, «әл-Фәтәуәль Һиндия» кітабында:

«Ұйқыда болсын, басқа кезде болсын әдейі қағба тасқа қарай аяқты созу - мәкруһ болмақ. Сондай-ақ, шариғи кітаптарға да аяқ созу мәкруһ»1 дейді ғалым.

Басқа бір Ханафи кітабында былай делінген:

«Ұйқыда болсын, басқа кезде болсын құбылаға әдейі аяқ созу - мәкруһ. Сондай-ақ, Құран кітапқа және фиқһ кітаптарына аяқ созу мәкруһ. Құбылаға аяқ созудың мәкруһ болуының себебі - онда құбыланы құрмет тұтпаушылық бар болуында...»2


1  «әл-Фәтәуәль Һиндия».
2  «әл-Мұхитуль Бұрһани».

Абдусамат Қасым