"Пейішті көксеп намаз оқу қате, ол бас пайдасын ойлау" дейді. Бұған не дейсіздер?
"Пейішті көксеп намаз оқу қате, ол бас пайдасын ойлау" дейді. Бұған не дейсіздер?
1 жыл бұрын 3514

Ассаламуғалейкум! Бір ағамыз сұхбатында намазды пейішке кірем деп оқу қате дейді, олай оқыған адам өзінің жеке пайдасы үшін оқыған болады деп отыр. Бұған не дейсіздер? Арман.

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сұрақ сұраушы, құлшылықты ең алдымен Алла ризалығы үшін орындауымыз керек екендігі сөзсіз. Сондықтан да, біз намазға ниет еткенде «халисалилләһи Тағала» деген сөзді қосып айтамыз. Оның мағынасы, «тек Алла үшін, шын ықыласпен» деген ұғымда. Алайда, жасаған құлшылығымыздың қарымтасы ретінде пейішті үміттенетіміз рас. Сол сияқты, Алланың бұйрығын орындамағанымыз үшін де, тозақтық болып қаламыз ба, деп қорқатындығымыз да шындық. Құранда: «Аллаға қорқыныш және үмітпен мінәжат қылыңдар» дейді1. Мұндағы «қорқыныш» дегені - Алладан және оның азабынан қорқу дегенді білдіреді. Ал, «үмітпен...» дегені - Алланың жарылқауына қол жеткізіп, сауабына кеңелемін деп үміттену2.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала көптеген аятында пенденің істеген жақсылығына қарай пейіш, ал жаманшығылығына қарай тозақ боларын ашық білдірген. Мәселен, «Әнғам» сүресінде: «Айт: Егер Аллаға қарсы келсем, ұлы күннің азабына (ұшырап қаламын ба) деп қорқамын» де» - делінген3. Яғни, о дүниеде тозақтық болып қалмайын деген оймен күнәдан ұзақ тұру қате емес екен. 

Басқа бір аятта пейіштегілердің өз ара әңгімелескен әңгімелері келтіріледі, сонда олар пейіштік болғандарына қуанып: «... Сөзсіз бұл - ұлы табыс. Амал етушілер, осы үшін амал етсін» дейді4. Яғни, амалыңыздың қарымтасы ретінде тозақтан құтылып, пейіштік болып жатсаңыз, үлкен табыс деп соны айтуға болады және сол ұлы табысқа жету мақсатында амал етудің қате еместігін ұғындырып отыр. Демек, намазды пейіштік болайын деп оқудың әбестігі жоқ екен.

Тағыда басқа осы сияқты аяттар баршылық. Осындай аяттарға қарай отырып, мұсылман адам намаз оқығанда пейіштік болайын деп, пейішті көксеп оқып жатады. Онысы қателік емес. Мұны қателік деу - Құранды оқымайтын адамның сөзі. Құранды оқыса олай демес еді. Қай жағдайда қате деуге болады? Егер, жасаған ғибадатым үшін жүз пайыз пейіштік боламын деп ойласа, сол қателік болады. Өйткені, адам пейішке тек ғибадатының арқасында ғана кірмейді, Алланың қалауымен және Оның рахымымен кіреді. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Сендердің ешбіріңді жасаған амалы пейішке кіргізбейді...» деген. Бұл дегені, Алланың рахымынсыз, бір тек амалының арқасында ғана пейішке кіре алмайсыңдар, алайда, пенде Аллаға бойсұнып, амал істесе, оның марапаты ретінде әзірленген пейішке Алланың рахымымен (мейірім-шапағатымен) кіресіңдер деген сөз.

Қорыта айтқанда, намаз оқығанда Алланың сыйы - жәннәтты көксеп оқыса немесе Алланың жазасы, яғни, тозақтан қорқып, күнәдан ұзақ тұрса, онысы қате емес. Себебі, пейішті көксеудің астарында Алланың ризалығын көксеу жатыр. Тозақтан қорқудың астарында - Алланың қаһарынан қорқу жатыр.

Және де сұрақтағыдай «пейіш үшін намазды оқу - адамның жеке басының пайдасын ойлау болып есептеледі, ол қате» деген сөзге де қосылмаймыз. Өйткені, дінде дүниелік пайда үшін құлшылық жасау харам саналады, ол рия болып есептеледі, ал ақыреттік пайдасы үшін намаз оқу - харам емес. Адамның істеген амалдары оның ақыреттік пайдасы үшін болмағанда, не үшін? Алла біздің құлшылығымызға мұқтаж емес қой. Біздің оқыған намазымыздан, тұтқан оразамыздан, істеген ізгі істерімізден Құдай Тағалаға ешқандай пайда жоқ. Алла Тағала пайдаға мұқтаж емес. Қандай ізгі іс істесек те өзіміздің ақыреттік бас пайдамыз үшін істейміз. Өзіміз үшін істейміз. Оның ағат тұсы жоқ. Құранда: «Кім бір ізгі іс істесе, өзі үшін істейді. Ал кім жамандық істесе, өзінің зиянына. Шынында, Алла пенделеріне әділетсіз емес» - деген5

Бірақ мынадай нәрсе бар: "Алла мені о дүниеде тозақы қылса да құлшылығымды орындауым керек" деген принцип бар. Бұдан құлшылықтағы негізгі мақсаттың - Алланың ризалығы және Оның бұйрығын орындау екендігі, ал ақыретте жазалай ма, әлде сыйға бөлей ме, ол өз ықтиярындағы нәрсе екендігі. Алайда, бұл пейішті көксеуге болмайды дегендік емес. 

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Әл-Ағраф, 56 аят.
2  Тәфсируль Бәғәуи, «әл-Ағраф», 56 аят тәпсірі.
3  Құран, «Әнғам», 13 аят.
4  Құран, «Саффат», 59, 60 аят.
5  Құран, «Фуссыйлят», 46 аят.

Абдусамат Қасым