Парыз намазды қандай жағдайларда үзуге болады?
Парыз намазды қандай жағдайларда үзуге болады?
7 жыл бұрын 13363

Ассаламуалейкум! Парыз намазды үзуге бола ма? Қандай жағдайда болады? Гүлайым Бисенбаева

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Оқып тұрған намазын мына жағдайларда үзуіне болады (мубах):

  1. Жылан, шаянды т.б. қауіп төндірер жәндікті өлтіру 
  2. Қашып бара жатқан хайуанды ұстау 
  3. Отарға қасқыр шапқанда
  4. Қайнап, тасуға әзер қалған қазанды оттан алып қою үшін 
  5. Ең аз бір күміс дирхамның құнына тең келер қомақты ақша немесе алтын-күміс сияқты өзінің не өзгенің құнды дүниесінің жоғалуынан қауіптенгенде
  6. Үлкен не кіші дәрет қатты қышағанда (уақыт шығуға таяса бұзбайды)
  7. Діні бөтен кәпір адам келіп: маған Исламды түсіндір десе
  8. Толғақ қысып, босану сәті келгенде
  9. Баласы қатты жылап, зиян шегуінен қауіптенгенде
  10. Аяғы ауыр әйелдің дәл босану сәтінде уақыты кірген намазды оқымай, кейінге қалдыруына рұқсат
  11. Ұры-қарыдан қорыққан жолаушы кісіге намазын кешіктіріп оқуына рұқсат[1]. 

Мына жағдайларда оқып тұрған намазын бұзу уәжіп болады:

  1. Апатқа ұшыраған адам көмек сұрағанда көмек беру
  2. Суға түншығып жатқанды құтқару
  3. Өртте қалған адамды құтқару
  4. Бір зағип жанның шұңқырға түсіп кетуінен қауіптенгенде
  5. Кішкене баланың төбеден құлап кетуінен, суға ағып кетуінен, көлік астына түсіп кетуінен, т.б. қауіптенгенде
  6. Өртті сөндіру
  7. Ата-анасы көмек сұрап шақырғанда. (Көмек үшін емес, жай шақырғаны үшін парыз намазды бұзбайды. Бірақ, нәпіл намаз оқып тұрғанда ата-анасы жай шақырған жағдайда да бұзуы керек, әрине (жай шақырғанда) егер намаз оқып тұрғанын білмей шақырған болса. Ал біле тұра жай шақырса, нәпілді де бұзбауына құқылы)[2].

[1] Имам Шурунбүләли: Имдәд – 382-383 бет.
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мухтәр – 4/189-191 бет.

Абдусамат Қасым