Намаздың соңғы отырысында "әттәхият" дұғасынан кейін дәрет бұзылса, намазды қайта оқу керек пе?
Намаздың соңғы отырысында "әттәхият" дұғасынан кейін дәрет бұзылса, намазды қайта оқу керек пе?
7 жыл бұрын 18521

Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, соңғы (ақырғы) отырыста «әттәхият» окып болған бойда дәрет бұзылса намаз бар болып санала ма? Ізтай.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаздың соңғы отырысында «әттахият» дұғасынан кейін дәреті бұзылған кісі орнынан тұрып, еш сөйлеместен және намаз бұзатын артық әрекеттерге бармастан дәрет алып келеді де қайта қағдаға отырып, құр ғана екі жағына сәлем беріп намазын аяқтайды[1]. Сәһу сәждесі қажет емес.

Ал, сол күйінше дәрет алмастан намаз бұзатын әрекеттердің бірін істеп намаздан шығып жатса, мысалы, сөйлеп, бір нәрсені ішіп-жеп дегені сияқты, оның намазы есептеледі. Себебі, дәрет «әттәхият» дұғасы оқылғаннан соң бұзылып отыр. Осылайша, намаздағы соңғы отырысқа отыру парызы орындалған болып тұр[2]. Тирмизидің хадистер жинағында келтірілген хадисте Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігі риуаят етілген: «Егер, бір кісі дәретін намаздың ақырғы отырысына отырғаннан соң сәлем бермей жатып бұзса, оның намазы дұрыс»[3]. 

Бірақ, сәлеммен аяқтау уәжібін тәрк еткені үшін мәкруһ үкімін тудырады делінген кей кітапта[4]. Сондықтан да, намазды толыққанды әрі кемшіліксіз аяқтау үшін жоғарыда айтылған бойынша орындаған абзал.


[1] Имам  Маусули: Ихтияр – 1/219 бет
[2] Бәдруддин әл-Айни: Әл-Биная шәрхуль Хидая. 2/390, 391 бет.  (Шафиғи, Мәлики және Ханбали мәзхабтарында, намаз бұзылады. Себебі, оларда намазда сәлем беру - намаздың ішкі парыздарынан. Ханафилерде ол уәжіп).
[3] Тирмизи - №408: Сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген.
[4] Ибн Нүжәйм: Бахрур Раиқ – 1/653 бет

Абдусамат Қасым