Намазды себепсіз қаза еткен кісіге қандай азап дайындалған?
Намазды себепсіз қаза еткен кісіге қандай азап дайындалған?
7 жыл бұрын 41541

Әссәләмуғалейкум! Намазды себепсіз қаза қылған адамға қандай азап дайындалған? Қаза қылған намаздарын өтемеген болса, ақыретте қандай азап болады? Сіздерге Аллаһ разы болсын! Бота.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаз – діннің тірегі. Намазы әлсіздің - діні әлсіз. Сол себептен намазымызға аса ұқыптылық танытқанымыз жөн екен. Құранда Алла Тағала: «Намаздарға, сондай-ақ, ортанғы намазға сақтық танытыңдар. Аллаға бой ұсынған күйі тұрыңдар», - деп бұйырады[1].

Ал, намазға немқұрайды қарап, себептен-себепсіз қаза етіп жүретіндерге қатысты Құран Кәрімде былай делінеді:

«Пайғамбарлардан кейін олардың орындарына, намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келеді. Бұлар қасыретке ұшырайды»[2].

Осы аяттағы «намазды қойып» деген сөз намазды мүлдем тәрк етушіні де, себепсіз намазды уақытында оқымай, қазаға қалдыра берушіні де қамтып тұр. Ал, аяттың түп нұсқасындағы "ғаий" сөзін "қасырет" деп аударсақ та, оны "тозақ шұңқыры" деп тәпсірлегендер бар. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадис шәрифте: «Кім намазды әдейі тастаса, Алла оның істерін жойып, Алланың панасы одан ұзақтайды», - деген[3].

Сахаба Абдулла ибн Аббастың көзі көрмей қалған шағында дәрігерлер: «Сені емдейік. Біраз, күндері намазды қоя тұр», - деп айтады. Сонда ардақты сахаба: «Жоқ. Шынында Алла елшісі былай деген: «Кім намазды тастап қойса, ол Алламен ашулы болған күйі кездеседі», - деп жауап берген екен[4].   

Күллі әлемнің жаратушысы, екі дүниенің иесі, Құдіреті күшті Алла Тағаланың ашуына ұшырау деген сөз, азапқа дұшар болу деген сөз. Тозақ иелерінен: «Сендерді тозаққа түсірген не нәрсе» деп сұрағанда, олардың бірінші айтатын себебі: «Біз намаз оқитындардан емес едік» дегендік болмақ.

Әйтсе де, тәубе етіп, ендігәрі қолдан келгенше қаза етпеуге тырысып баққан пендесіне де кешірім бар. Оны жоғарыда келтірген аяттың жалғасынан түсінуге болады:

«Бірақ, кім тәубе етіп, иман етсе және түзу іс істесе, олар ешқандай зұлымдыққа ұшырамай пейішке кіреді»[5].  

Қаза намазды өтеу мәселесіне келсек, қазаны өтеу - парыз. Уақытында оқылмаған намаздың орнын, тек қазасын өтеу арқылы ғана толтыруға болады. Алланың Елшісі былай дейді: «Кім намазды ұмытып, оқымай қалса, есіне түскенде (қаза етіп) оқысын. Шындығында Алла тағала: «(Ұмытқан) намаздарыңды естеріңе түскенде оқыңдар!», -деген»[6]. 


[1] Бақара сүресі, 238 аят.
[2] Мәриям сүресі, 59 аят.
[3] Әл-Мунзири: әт-Тарғиб уәт тәрһиб; әл-Һәйсәм: «Мәжмуъуз зәуәид» .
[4] Әл-Һәйсәми: Мәжмаъуз зәуәид.
[5] Мариям сүресі, 60 аят.
[6] Табари тафсирі, Тоха – 14; Малик, Муатта – 25.

Абдусамат Қасым