Намаздағы имамның дәреті бұзылса, не істейді?
Намаздағы имамның дәреті бұзылса, не істейді?
10 жыл бұрын 13943

Әссәләмуәләйкум! Намазда имамның дәреті бұзылса намазды қайта оқиды ма, әлде арттағы адамды имамдыққа өткізеді ме? Мадияр

Уағалейкумсалам, Мадияр! Даруқутнидің сүнәнінде келтірілген бір «мауқуф» хадисте былай делінеді: «Жамағатқа имам боп тұрған кезде, қарнында бір нәрсе сезсе немесе мұрнынан қан ақса яки құсса, киімін мұрнына қойсын да  жамағаттағы бірісінің қолынан ұстап, алдыға шығарсын».[1]

Айша анамыздан риуаят етілген тағы бір хадисте, Пайғамбарымыз былай деген: «Сендерден кім намазда тұрып дәреті бұзылса, мұрнынан ұстап, (намаздан) кетсін»[2]

Яғни, намаз оқып тұрып дәреті бұзылған имам артқа шегінеді де, мұрнын ұстап, сөйлеместен, артындағы ұйып тұрған жамағаттың ішінен өзіне жақын тұрған кісіні киімінен тартып немесе ишарамен алға шығуын білдіреді.  Мысалы, имамның дәреті сәждеде бұзылды делік. Имам «Аллаһу әкбәр» деместен, сәждеден басын көтеріп, арттағы бір кісіге тоқтаған жерінен жалғастыруын ишара етеді. Аллаһу әкбәр деп басын көтерген жағдайда бәрінің намазы бұзылады. Рукуғда да дәл солай.

Имамның дәреті сәждеде бұзылса, сәждеден жалғастыруын келесі имамға білдіруі үшін саусағын маңдайына қояды. Рукуғта бұзылса, саусағын тізесіне қояды.

Оқылмай қалған рәкәғат саны біреу болса, бір саусағымен, екеу болса, екі саусағымен көрсетеді. Қырағат етіп жатқанда бұзылғанын көрсету үшін қолын аузына қояды.

Өзі сөйлеместен, дәрет алып келіп, алға шыққан имамға ұйып, оқымаған намазын тәмәмдайды.

Имам ешкімді орнына қоймаған болса, имам (дәрет алу үшін) мешіттен шықпай тұрып, жамағаттан бір кісі оның орнына өтеді де, ары қарай намазды жалғастырады. Ал, имам мешіттен шығып кеткенше, ешкім имамдыққа өтпесе, жамағаттың намазы бұзылады[3].

Ескерту: Дәреті бұзылған имам, намазды бұзатын өзге артық әрекеттерді жасамауы тиіс. Яғни, дәреті бұзылған имам, жүру, дәрет алу сияқты керекті әрекеттерден тыс, өзге бөтен әрекет жасайтын болса (мысалы: күлу, сөйлеу, бір нәрсе жеу т.б.) онда имам намазын қалған жерінен ары қарай жалғастыра алмайды, өзі жеке намазын басынан оқиды.

[1] Дәруқутни: Китабут тахарат – Бәбун фил узу минал Хариж.. - №510. Әлсіз Хадис.
[2] Әбу Дәуід - №1114; Ибн Мәжә - №1222.
[3] Фәтәуә әл-Һиндия: Истихлаф – 1/107 бет. ; әл-Биная – 2/377 бет, әлхадас фис сала.

Абдусамат Қасым