Намазда «фатиха» сүресінің алдында «аттахият» дұғасын оқып қойса, намаз дұрыс па?
Намазда «фатиха» сүресінің алдында «аттахият» дұғасын оқып қойса, намаз дұрыс па?
3 жыл бұрын 9695

Ассаляму алейкум! Намазда фатиханың орнына «аттахият» оқып қойдым, кейін артынан қайта фатиханы оқыдым. Сосын намаз соңында сәһу сәжде жасадым. Осы жасағаным дұрыс па? Жанар.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намазда «фатиха» сүресін оқымастан бұрын қателесіп «аттахияту» дұғасын оқып қойған болсаңыз, намазыңыз дұрыс. Одан кейін "фатиханы" және қосымша сүрені әдеттегідей оқып кете бересіз. Сіздің жасағаныңыз дұрыс. Алайда, ол үшін намаз соңында «сәһу сәждесін» жасау керек пе? Ғалымдарымыз ондай жағдайда сәһу сәждесін жасаудың қажеті жоқ екендігін білдірген. Сәһу сәждесі қашан керек болар еді? Егер "аттахияту" дұғасын қателесіп фатиха сүресінен кейін оқыған болсаңыз, сәһу сәждесін жасау қажет болар еді. Сіздің жағдайда "Фатихадан" бұрын оқылып отыр. Сол себепті "сәһу сәждесі" қажет емес дейміз.

Ханафи фиқһ кітаптарында бұған байланысты мынадай үкім айтылады:

ولو تشهد في قيامه قبل قراءة الفاتحة فلا سهو عليه وبعدها يلزمه سجود السهو وهو الأصح لأن بعد الفاتحة محل قراءة السورة فإذا تشهد فيه فقد أخر الواجب وقبلها محل الثناء

«Қиямда фатихадан бұрын «тәшәһһуд» дұғасын оқыса, ол үшін намаз соңында «сәһу сәждесін» жасаудың қажеті жоқ. Алайда фатихадан кейін оқыса, сәһу сәжде керек болады. Осы дұрысырақ. Өйткені фатихадан кейінгі орын – сүренің оқылатын орны. Оның орнына тәшшәһһуд оқылған жағдайда «уәжіп» амалды кешіктірген болады (сол себепті сәһу сәжде керек). Ал фатихадан бұрын – ол «сәнәнің» орны (ол кезде аттахиятуды оқу сәһу сәждені керек еттірмейді)»[1].

Осы тұрғыда, парыз намазының ақырғы екі рәкәғатында «аттахият» оқылған жағдайда да сәһу сәжде керек емес[2].


[1] Әл-Фәтәуәль Һиндия – 1/140 бет.
[2] Әл-Фәтәуәль Һиндия – 1/140 бет.

Абдусамат Қасым