Намаз оқып тұрған адамның алдын ұзақ жерден кесіп өтуге бола ма?
Намаз оқып тұрған адамның алдын ұзақ жерден кесіп өтуге бола ма?
8 жыл бұрын 21966

Әссәләмуғалейкум! 
Менің екі сұрағым бар:
1.Адам намаз оқып жатса, алдын кесуге бола ма? Мысалы, бір адам мешіттің ең артқы жағында намаз оқып жатыр делік (5-10 метр жерде). Мен оның артынан айналып өтуім керек пе?
2.Мен құптан намазын және үтір намазын оқып қойдым. Таң алдында тәһәжжуд оқыдым. Тәһәжжуд намазынан соң, үтір намазын қайта оқуым керек пе? Макс

 

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаз оқып тұрған кісінің алдын кесіп өту – күнә. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің сахих бір хадисінде былай дейді: «Намаз оқып тұрған адамның алдынан кесіп өтетін кісі қаншалықты күнә жазылатынын білсе ғой, ол үшін (кесіп өтпкеннен гөрі) қырық жыл (не қырық күн яки қырық ай) тапжылмай тұруы, намаз оқушының алдынан өтуден қайырлы болар еді (немесе қайырлы деп есептер еді.ауд.[1].  

Бірақ, бұл үкім - шағын мешітте намаз оқып тұрған кісінің алдынан кесіп өтуге қатысты. Шағын мешіттің көлемін кейбір дін мамандары 50-60 кісіден аз адамды қамтитын мешіт деп шамалаған. Осындай шағын мешіттерде немесе үйде т.б. шағын орындарда намаз оқып тұрған кісінің алдынан (егер, алдында бір зат тұрмаған болса) кесіп өту, қанша ұзақ болса да, мәкруһ. 

Ал, көлемді мешіттерде, далада т.б. үлкен алаңды жерлерде шамамен жайнамаз мөлшеріндей жерден өткен кезде ғана (егер, алдында бір зат тұрмаған болса) күнә болады. Одан ұзақ жерлерден кесіп өтудің күнәсі жоқ. Бұны фиқһ кітаптарында «намаз оқушы сәжде жасайтын жеріне қарағанда назары жететіндей жерден өтуі» деп түсіндірген[2].  

Бұл - алдында бір зат тұрмаған кісіге қарасты айтылған нәрсе. Алайда, намаз оқушы жайнамаз мөлшеріндей арақашықтыққа бір зат қойған жағдайда, мейлі шағын мешітте болсын, мейлі үлкен мешітте болсын, оның алдынан өте беруге болады. 

Намаз оқушы жайнамаз мөлшеріндей арақашықтыққа бір зат қояды, оны «сутра» дейді. Сутра қоюдың үкімі – мұстахаб. Қоймаған жағдайда, жеңіл мәкрүһ. Имамға ұйып оқылған намаздарда имамның алдындағы сутрасы арттағы ұйып тұрған жамағатқа да жарайды[3].

Екінші сауалыңызға келер болсақ, үтір намазын тәһәжжуд намазынан кейінге қалдыру шарт емес. Үтір намазын оқып алып, одан соң түн жарымында тәһәжжуд намазына тұрып жатсаңыз, үтір намазын қайтадан оқудың қажеті жоқ.


[1] Сахих Мүслім; Әбу Дәуід; Тирмизи
[2] Убайдулла ибн Мәсъуд әл-Махбуби: ән-Нуқоя Мухтәсаруль Уиқоя.
[3] Сутра қоюы жайында қосымша мәліметті мына сілтемедегі видеодәрісті көрсеңіз болады: http://islam.kz/kk/media/darister/fiqh/fiqh-darisi-namazda-sutra-qoyu-maselesi-49-daris-abdusamat-qasym-316/#gsc.tab=0 

Абдусамат Қасым