Намаз оқып жатқанда кішкентай бала алдыңнан кессе, намаз бұзыла ма?
Намаз оқып жатқанда кішкентай бала алдыңнан кессе, намаз бұзыла ма?
2 жыл бұрын 5036

Ассалаумағалейкум! Намаз оқып жатқан кезде, кішкентай бала алдыңнан кессе, алдыңда ойнаса намаз бұзыла ма? Абай.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаз оқып тұрған кісінің алдынан кішкене бала кесіп өтсе немесе алдында ойнаса намазы бұзылмайды, бірақ мүмкін болса бала алдын кесіп өтетін кезде қолымен ишара жасап, өтуіне кедергі жасауға тырысқаны абзал, оған қарамастан алдынан өтіп жатса зияны жоқ. Хадис кітаптарында мынадай бір риуаят кездеседі. Бұл хадис Пайғамбарымыздың жұбайы Үмму Сәләмадан (р.а.) жеткен, онда былай делінген:

«Алла елшісі (с.а.у.) Үмму Сәләмәның бөлмесінде намаз оқып жатқан тұста, Абдулла ма, әлде, Омар ибн Сәләмә ма, Пайғамбарымыздың алдын кесіп өтпекші болады. Сонда Алла елшісі қолымен ишара жасап (өтпеуін білдіреді), ол (өтпей) кейін қайтады. Оның артынан Үмму Сәләмәның кішкентай қызы Зәйнәп алдынан кесіп өтіп бара жатады, оған да Алла елшісі қолымен өтпеуіне ишара жасайды, алайда Зәйнәп оған қарамай өтіп кетеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазын оқып аяқтағаннан соң Зәйнаптың қайтпай кесіп өткеніне орай: "Олар (ұлға қарағанда) қиқарлау келеді" деген екен»1.

Аталмыш хадистен намаз оқып тұрған сәтте бала да болса, алдынан кесіп өтіп жатса, қолмен ишара жасап тоқтатуға тырысқан абзал, бірақ бала оны түсінбей өтіп кете берсе зияны жоқ.

Осы орайда намаз оқушы кісі, жайнамаз мөлшеріндей арақашықтыққа бір зат қойғаны сүннеттен. Оны «сүтра» деп атайды, яғни, бөгет. Сүтра қойылған жағдайда, намаз оқып тұрған кісінің алдынан өте беруге болады.


1  Ибн Мәжә: «Сүнән». 948.

Абдусамат Қасым