Ассалаумағалейкум! Менің сұрағым: намаз оқитын адам қалтасына темекі мен насыбай т.б. бір нәжіс зат салып оқыса, намазы дұрыс бола ма?
Намаз оқитын адам қалтасына темекі немесе насыбай салып оқыса, намазы санала ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!
Құрметті сауал сұраушы, намаз оқитын кісі темекі шекпейді, насыбай атпайды. Құранда: «Шынында намаз арсыздықтан және ұнамсыз дүниелерден тыяды» делінеді[1]. Сол себепті, Құдайға мойынсұнып, намазға жығылған кісілер ең әуелі әлгіндей жаман әдеттерден арылулары тиіс. Сонда, біздің мойынсұнғанымыз шынайылық сипат табады.
Сауалыңызға келсек, қалтасында темекісі болып намаз оқыған кісінің намазы саналады. Өйткені, темекіні тартуға болмағанымен, темекінің өзі нәжістер қатарынан саналмайды, сондықтан намазы есептеледі, алайда қалтада темекі бола тұра намаз оқу ұнамсыз әрекет, мәкруһ.
Ал насыбайға келсек, кей мәліметтерде насыбайға тауықтың саңғырығы қосылады делінген. Олай болған жағдайда, қалтасына насыбай салып оқыған кісінің намазы саналмайды, өйткені тауықтың саңғырығы ауыр нәжістер қатарынан. Ал ауыр нәжіске жататын бір затты қалтасына салып оқығанның намазы саналмайды.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] «Анқабут» сүресі, 45 аят.