Көйлектің жеңін түріп қойып намаз оқу мәкруһ пе?
Көйлектің жеңін түріп қойып намаз оқу мәкруһ пе?
7 жыл бұрын 10579

Әссәләмуғалейкум! Көйлектің(рубашка) жеңін түріп, намаз оқысам мəкрүһ болып есептеле ма? Өйткені, кейбір көйлектердің жеңі қысқарып қалғандықтан қайырып қоюға тура келеді. Ал, кейбір көйлектер жеңін қайырып қойғанда əдемі көрінетін секілді. Темірлан

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Көйлектің жеңін түріп қойып намаз оқу - мәкруһ. Мұнда ғұламалар арасында талас жоқ. Тек, біршама Ханафи ғалымдары бұл үкімді шынтаққа дейін түріп оқыған кісіге қатысты деп есептеген. Ал, шынтақтан төмен түрілген күйі оқуға рұқсат дейді олар[1]. Әйтсе де, екі жағдайда да мәкруһ санайтын ғалымдарымыз жоқ емес[2].  

Бұған қатысты хадистен дәлел келтірер болсақ, Пайғамбарымыздың мынадай сөзі бар (с.а.у.): «Төрт сүйекпен сәжде етуге бұйырылдым. Олар: маңдай, екі қол, екі тізе, екі аяқтың ұшы. Сондай-ақ, намазда киімді әрі шашты жинамай [оқуға бұйырылдым]»[3].  

Осы хадистегі «киімді жинамай (немесе жиырмай)» сөзі жалпылама айтылғандықтан жеңді түріп оқуды да қамтып тұр деуге болады.  

Ескере кету керек, аталмыш үкімнің жеңі қысқа көйлектер мен жеңі қысқа футболкаларға қатысы жоқ. Мұндай киістермен намаз оқу мәкруһ емес. Әрі намаздан тыс уақыттары көйлектің жеңін түріп жүруге еріктісіз.

Қорытындылай айтқанда, шынтаққа жеткізбей аздап түрілген күйі намаз оқуыңыздың ағаттығы жоқ. Әйткенмен, жеңді түсіріп оқығаныңыз абзалырақ.


[1] Ибн Ғабидин: Хашия – 4/138 бет.; Фәтәуәль Һиндия - 1/118 бет. 
[2] Ибн Нүжейм: Бахрур Раиқ.  
[3] Сахих Мүслім: Китабус сала. (759) 490.

Абдусамат Қасым