"Кәһф" сүресін бейсенбінің кешінде оқыса санала ма, әлде жұма күні күндіз оқу керек пе?
"Кәһф" сүресін бейсенбінің кешінде оқыса санала ма, әлде жұма күні күндіз оқу керек пе?
5 жыл бұрын 8956

Ассалəмуғалейкум! Жұма мүбəрəк болсын! Бейсенбі күнінің кешінде ақшам уақытынан бастап жұма кірген болып есептеледі ма? Мен əр жұма «Кəхф» сүресін оқитын едім. Қазір емізулі балам бар, күндіз үлгірмей қалу қаупі болғандықтан түнде оқып жүрмін. Яғни құптаннан соң. Осы оқығаным жарамды ма, ұстаз? Əлде жұма күні күндіз оқылуы керек пе? Регина

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ай күнтүзбесі бойынша, бейсенбі күні күн батысымен жұманың түні басталады. Сондықтан да, «Кәһф» сүресін бейсенбінің түнінде оқыған болсаңыз, оныңыз әсілінде жұманың түнінде оқылғанға саналады. Сол себепті, сіздікі қате емес.

«Кәһф» сүресін жұманың түнінде де, күндізгі уақытында да оқуға болатындығына қатысты мынадай риуаяттар келтірілген. Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден риуаят етілген хадисте былай делінген:

من قرأ سورة الكهف ليلة الجمعة أضاء له من النور فيما بينه وبين البيت العتيق  

«Кімде-кім жұманың түнінде Кәһф сүресін оқитын болса, ол оны мен кағбаның арасында бір нұрмен арайландырып тұрады»[1].

Басқа бір хадисте былай делінеді:

من قرأ سورة الكهف في يوم الجمعة أضاء له من النور ما بين الجمعتين

«Кімде-кім Кәһф сүресін жұма күні оқыса, ол оны келесі жұмаға дейін нұрмен арайландырып тұрады»[2].



[1] Дәрими. №3407 хадис. (Бұл хадиске "сахих" деп баға бергендер де бар, "әлсіз" дейтіндер де бар). 
[2] Әл-Хаким әс-Сәмарқанди: әл-Мүстәдрак.; Әл-Байһақи. (Кәһф сүресін оқуға қатысты келген хадистердің ішінде осы ең қуаттірегі делінеді). 

Абдусамат Қасым