Жұмыс орнында қол жуатын жерде намаз оқуға бола ма?
Жұмыс орнында қол жуатын жерде намаз оқуға бола ма?
6 жыл бұрын 13790

Әссәләмуғалейкум! Жұмыс уақытында намаз оқитын жер таба алмаймын. Қол жуатын жерге намаз оқысам бола ма?  Көбейсін.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) өзінің бір хадисінде монша сияқты лас жерлерде намаз оқудан тыйяды[1]. Өйткені, мұндай жерлер бір шетінен таза емес, екіншіден - шайтанның мекен ететін орындар. Сол себепті ғалымдарымыз моншада намаз оқуды мәкруһ санаған. Алайда, кей ғалымдар зәру кезде моншаның бір жерін жуып жіберіп, сол жерде намаз оқыса, оның ағаттығы жоқ дейді. Бұған қатысты Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин (Алла оны рахымына бөлесін) былай деген:

«Қабір және монша сияқты лас жерлерде намаз оқу мәкруһ. Бірақ, моншаның сурет жоқ жерін жуып жіберіп немесе ондағы киім шешетін жерде оқыса, яки мазардың ішінде намазға арналаған орын болып, оның ішінде қабір болмаса және ол жер нәжістен таза болса, намаз оқудың еш ағаттығы жоқ»[2].  

Ендеше, қысылтаяң жағдайларда душ немесе өзіңіз айтпақшы арнайы қол жуатын жерлерде намаз оқуға рұқсат. Намаз саналады. Бастысы ол жер нәжістен таза болуы шарт және жайнамаз ретінде бір зат төсеп оқыған жөн.


[1] Әбу Дәуід: Сүнән - №492 хадис: Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз былай дейді: «Жер бетінің бәрі намаз оқуға жарамды, бірақ, қабір мен монша жарамсыз».
[2] Ибн Ғабидин: Радуль Мухтар – 4/188 бет.

Абдусамат Қасым