Жұма намазының соңғы отырысына үлгерсем жұма оқыған боп саналам ба?
Жұма намазының соңғы отырысына үлгерсем жұма оқыған боп саналам ба?
7 жыл бұрын 6124

Әссәләмуғалейкум! Жұма намазының соңғы отырысына үлгерген болсам, жұма оқыған болып саналам ба? Рашид

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабы бойынша, жұма намазының соңғы отырысына үлгеріп, имамға ұйыған кісінің жұма намазы есептелінеді. Тіпті, имам «сәһу сәждесін» жасап жатқанда үлгерсеңіз де жұмаңыз есептеледі. Тек, әдеттегідей кешіккен кісі имам сәлем бергенде «Аллаһу әкбәр» деп тұрып, үлгермеген рәкәғаттарын өз бетінше тәмәмдауы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «(Жұма) намазына қамат айтылып қойған болса, намазға жүгірмей, ентікпей, жүріп келіңдер. Үлгерген жерлеріңді оқып, үлгермеген ракағаттарыңды тәмәмдаңдар»[1].

Осы тұрғыда айта кетелік, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің сахих хадисінде былай деген: 

«Кімде-кім жұма күні жуынып және (киімін тазалап) жуып, жұмаға ертерек шықса, (уағыздың не құтбаның) басына үлгеріп, жақын отырып, құлақ салып тыңдаса, оның әр басқан қадамына бір жылдық оразаның және бір жылдық тәһәжжуд намазының сауабы беріледі»[2]. 

Басқа бір сахих хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деп ескертеді: 

"Жұма күні мешіттің әр бір есігінде періштелер отырады. Олар алғашқы келушілерді кезегімен жазып отырады (бірінші келді, екінші келді немесе ерте келді, кештеу келді деп). Имам (минбарға) шыққан уақытта, дәптерлерін жауып, зікірді (уағызды) тыңдау үшін келеді (сол жерге)..."[3].

Сондықтан да, аптада бір мәрте келетін жұма намазына лажы барынша кешікпей, ертерек қамданғанымыз абзал екен.

Алла жасаған құлшылықтарыңызды қабыл етсін. Жұма мүбарак болсын!


[1] Сахих Бұхари - №908 хадис.
[2] Имам Тирмизи. Сүнән.
[3] Сахих Мүслім. Әбу Һурайрадан жеткен (р.а.). 

Абдусамат Қасым