Жолаушы ретінде парызды қысқартып оқысам, ұюшы адам қалған екі ракаттарында фатихадан кейін зәм сүре оқи ма?
Жолаушыға ұйып намаз оқыған жолаушы емес адам, қалған екі рәкәғатында сүре оқи ма?
|
Қадірменді сұрақ қоюшы!
Бәріңізге белгілі болғандай «жолаушы үкіміндегі» адам төрт рәкәғаттық парыз намаздарды екі рәкәғатқа қысқартып оқуы керек. Бірақ, егер ол «жолаушы емес» адамға ұйып оқыған жағдайда, имамға ілесіп төрт рәкәғатты қысқартпай, толық оқиды.
Ендігі жерде, өзі жолаушы үкімінде бола тұра, жолаушы емес адамдарға имамдық жасаса, олар не істейді?
Ең алдымен имамдыққа шыққан жолаушы өзінің жолаушы екендігін және намазды екі рәкәғатқа қысқартып оқитындығын ескертеді. Соған орай, ұюшы жамағат (егер жолаушы болмаса) екі рәкәғаттан кейінгі «тәшәһһуд» отырысында «әттәхият» дұғасын оқып, имамның сәлем беруін күтеді. Жолаушы имам екі иығына сәлем бергеннен кейін, жамағат сәлем берместен Аллаһу әкбар деп тұрып, қалған екі рәкәғатты өз беттерінше тәмәмдаулары тиіс.
Осы тұрғыда олар сүре оқи ма?
Қалған екі рәкәғатты тәмәмдауға тұрған жамағат сүре оқымайды, яғни, олар «Аллаһу әкбар» де тұрғаннан кейін Фатиханы оқымай бір сәт қиямда үндемей тұрады да (немесе фатиханы ойша оқиды), кейін рүкуға, одан соң сәждеге барып әдеттегідей тәмәмдайды. (Бұл үкімнің Мәсбұққа қатысы жоқ).
Олар өзге дұғаларды да оқымай ма?
Тек қиямда тұрғанда сүре оқымайды, одан өзге дұғаларды әдеттегідей оқиды. Мысалы, қиямда бір сәт үндемей тұрғаннан соң «Аллаһу әкбар» деп рүкуға барып «сүбхана раббиял ъазим» тәспихын үш рет айтады. Сәжде де солай. Тәшәһһудке отырғанда «әттахият», «салауат», «раббана»-ны оқиды т.б.