«Жолаушы» үкімінің шарттары қандай және нендей жеңілдіктер қарастырылған?
«Жолаушы» үкімінің шарттары қандай және нендей жеңілдіктер қарастырылған?
11 жыл бұрын 4527

Адам «жолаушы» үкіміне кіру үшін,

ең әуелі, баратын жері кем дегенде 90-100 шақырым қашықтықта болуы керек.

Екіншіден, ең кемі 90-100 шақырым жерге жолаушылап шығатындығына іштей діттеген болуы керек, яғни, ниет еткен болуы тиіс. Өйткені, кісі жолаушылап емес, жоғын іздеп шыққан болуы да мүмкін, ондайда қанша ұзақ кетсе де жолаушы үкімін алмайды, өйткені ниет етпеген еді.  

Үшіншіден, жолаушы үкімін алуы үшін тұрғылықты елді-мекенінің аумағынан толықтай шыққан болуы керек[1].

Осы тұрғыда күйеуінің ниеті әйеліне де жарайды, күйеуі жолаушылыққа ниет етіп шыққан болса, оның ниеті әйелі үшін де жарамды. Басшысының ниеті, қол астындағы қызметкерлерге жарайды[2].

Шариғатта жолаушыға бірнеше жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсақ, төрт ракәғаттық парыз намаздарды екі басқа қысқартып оқиды, ораза айында ауыз бекітпеуіне болады, жұма күні жұма намазы парыз болмайды, аяғына киген мәсісіне үш күн бойы мәсіх тарта беруіне рұқсат. 

«Төрт ракәғаттық парыз намаздарды» деуімнің себебі, таң намазы мен үш ракәғаттық ақшам намазы қысқартылмай толық оқиды, сондай-ақ, сүннет намаздары мен үтір намазы да қысқартылмай сол күйінше оқылады.

Кемі 90-100 шақырым ұзақ бір жерге ниет етіп шыққан адам, діттеген жеріне жетпей, жарты жолдан кері қайтуға шешім қабылдаса, «жолаушылық» үкімінен шығады да, намаздарын қысқартпай толығымен оқиды.


[1] Имам Аләуддин әл-Кәсәний: «Бәдәиъус Санаиъ» - 1 том. 476 бет.
[2] Имам Аләуддин әл-Кәсәний: «Бәдәиъус Санаиъ» - 1 том. 476 бет.

Абдусамат Қасым