Әссаламу алайкум! Жаназада мылтық ату жөнінде не айтасыз?
Жаназада мылтық атуға бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Жаназа рәсімінде мылтық ату – дінде жоқ, бидғат әрекет. Олай істеу дінге теріс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Жаназалардың соңынан дауыс пен от ермесін»[1], - деген.
Көпшілік Ислам ғұламалары жаназаны қабірістанға апара жатқан кезде, мылтық ату былай тұрсын, артынан дауыстап Құран оқып, зікір салудың өзін дұрыс көрмеген. Мәселен, Ханафи мәзхабында ондай әрекет харамға жақын мәкруһ үкімінде. «Егер Алланы зікір еткісі келсе іштей, яғни жасырын түрде, өзі ести алатындай зікір етсін... Егер, Алланы зікір етпесе, үндемесін. Ондайда Құранды дауыс шығарып оқымайды, зікірді де дауыс шығарып айтпайды» - дейді Ханафи ғалымы Имам Тахтәуи (рахимаһуллаһ)[2].
Имам Зайлағи да ол нәрсеге қатысты былай деген:
«Жаназаны (мәйітті) соңғы сапарға шығарып салушылар үндемегендері жөн. Олардың (мәйітті апара жатып) зікірді дауыстап айтулары және Құранды дауыстап оқулары мәкруһ (тәхриман) болмақ. Шынында мұндайда Әһли кітаптарға (христиандарға) қарсы әрекет ретінде пайғамбарлардан бізге қалған сүннет – ол, үндемеу»[3].
Қорытындылай айтқанда, жаназа рәсімінде болсын, жаназаны соңғы сапарға шығарып салу барысында болсын оқ атуға, барабан соғып, оркестірмен сүйемелдеуге немесе отшашуға болмайды. Мұндай әрекеттер – Пайғамбарлар тәліміне теріс, Исламда жоқ бидғат әрекет.
[1] Әбу Дәуід: Сүнән.
[2] Хашиятут Тахтауи: Китабус салаһ.
[3] Имам Фәхруддин Усман ибн Али әз-Зайлағи: Тәбиинуль Хақаиқ.