Жалқауланып намазды бір оқып, бір оқымай жүрмін. Не істесем екен?
Жалқауланып намазды бір оқып, бір оқымай жүрмін. Не істесем екен?
4 жыл бұрын 13127

Сәлеметсіздер ме! Иманды қалай күшейтуге болады? Намаздарымды оқымай қаза етіп жүрмін. Қаза қылмай екі күн оқысам, қалған 5 күн оқымай қоямын. Бұлай еткенше мүлдем оқымай қойған дұрыс шығар деп жүрмін. Не айтар едіңіз?

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сауал жолдаушы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадис шәрифінде: «Кім намазды әдейі тастаса, Алла оның істерін жойып, Алланың панасы одан ұзақтайды», - дейді[1].

О дүниеде тозақ иелері: «Сендерді тозаққа түсірген не нәрсе?» деп сұралғанда, олардың бірінші айтатын себебі: «Біз намаз оқитындардан емес едік...» деу болады екен. 

Сондықтан, Сізге айтар кеңесіміз:

Біріншіден – жиі уағыз тыңдаңыз. Уағыз – адамның ықыласын оятады. Өзінің Алланың құлы екенін еске салады.

Екіншіден - өзге кітаптармен қоса, діни әдебиеттерді де оқып тұрыңыз.  

Үшінші – жиі қабір өмірін пікірлеп тұрыңыз. Қабірге барғанда жағдайыңыз қандай күйде болмақ, соны бір пәс ойланыңыз. Әр жалқаулық ұстап, намазды қазаға қалдыруды ойлаған сәтіңізде: "Ертең өліп қалсам, қабірге барғанда жағдайым не болмақ?" - деп ойлаңыз.  

Біздің бір кемшілігіміз - бұл өмірде мәңгі өмір сүрердей боламыз да тұрамыз. Негізінде, әр өткен секунд – бізді өлімге жақындатуда. Сондықтан да, әркім өз-өзіне сұрақ қоюы тиіс: О дүниеге баруға дайынмын ба? Қап-қараңғы суық жерде, жалғыз өзі ғана, көмекке келер ешкімі жоқ, айқайласа да, шыңғырса да ешкім естімейді. Сондай сәтте рухыңызға жебеу болып, қараңғы қабіріңізді нұрға толтырар – намазыңыз бар ма? Құранда: «Әркім ертеңгі күнге не әзірлегеніне қарасын», - деген. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) нақты, бұлтартпас хадистерінде қабір азабының бар екендігін ашық айтқан. Қабір - кей рухтарға тозақтың шұңқырларынан бір шұңқыр, ал кей рухтарға пейіш бақшаларынан бір бақша болатындығы риуаяттарда айтылады[2]. Ендеше, қабіріміз пейіш болуы үшін неге 15-20 минуттық намазды көп көреміз? 

Мәселен, адам баласы айдың соңында 150-200 мың теңге жалақы алу үшін, тапжылмай күніне 12 сағат тер төгеді. Әрине, адал жолмен нәпақа табу – сауапты іс. Оған таласымыз жоқ. Нәпақа табу да парыз. Бірақ, неге сол сияқты о дүниедегі азаптан құтылып, мәңгі рақат өмірге қол жеткізу үшін 15-20 минутымызды намазға айырмасқа? Көп пе? Көп емес. Ендеше, 15-20 минуттық намазға неге соншалықты жалқауланамыз?


[1] әл-Һәйсәм: «Мәжмуъуз зәуәид».
[2] Имам Тирмизи: "Сүнән".

Абдусамат Қасым