Имамға намаздың соңғы сәждесінде не соңғы отырыста ұйыған кісі намазын қалай жалғастырады?
Имамға намаздың соңғы сәждесінде не соңғы отырыста ұйыған кісі намазын қалай жалғастырады?
6 жыл бұрын 4814

Егер жамағатпен оқылатын намаздардың соңғы рәкәтының сәждесінен (соңғы рәкәтқа үлгерместен) бастап қосылсаң, намазды калай жалғастырамыз?

Имамға намаздың соңғы сәждесінде немесе соңғы отырысында ұйыған кісі барлық рәкәғатты жіберіп алды деген сөз. Ол кісі имам сәлем бергеннен кейін «Аллаһу әкбар» деп тұрып, намазын, яғни үлгермеген рәкәғаттарын өз бетінше тәмәмдауы тиіс. Имамға соңында болса да ұйып үлгергендіктен, жамағат сауабын алады. Мысалы:

1. Ақшам намазының үшінші рәкәғатының сәждесінде (немесе отырыста) келіп қосылған кісі, имаммен бірге «аттахият» дұғасын оқып, имамның сәлем беруін күтеді. Имам екі жаққа сәлем беріп болғаннан кейін, сәлем бермесетн сәл кідіріп, «Аллаһу әкбар» деп қиямға тұрады да - сәнә, әғузу мен бисмилланы айтады, фатиха және зам сүре оқып, рукуғ пен сәжде жасайды. Одан кейін екінші рәкәғатын да әдеттегідей оқып, алғашқы отырысқа отырады. Алғашқы отырыста «аттахият» дұғасын оқып, үшіншіге тұрады. Үшіншісінде фатиха оқылады, кейін рукуғ пен сәжде жасап, соңғы отырысқа отырады, онда аттахият пен салауат, раббананы оқып, екі жаққа сәлем беріп аяқтайды.

2. Құптан намазының төртінші рәкәғатының сәждесінде (немесе соңғы отырыста) келіп қосылған кісі де әлгіндей имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін сәлем бермей «Аллаһу әкбар» деп тұрып, төрт ракағатты ретімен өз бетінше оқиды. Әдеттегідей екінші рәкәғатында алғашқы отырысқа отырады.

Абдусамат Қасым