Имамға кешігіп ұйыған кісі қай кезде рәкәғатқа үлгермей қалған болып есептеледі?
Имамға кешігіп ұйыған кісі қай кезде рәкәғатқа үлгермей қалған болып есептеледі?
2 ай бұрын 1014

Ассаламу Алейкум, имамға ұюғанда қай кезде рәкәғатқа үлгермей қалды деп есептеледі? Рукуғқа түскенде ме немесе сәждеге? Жауылбай.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намазға кешігіп келген кісі рүкуғда үлгерсе, ол сол рәкәғатқа үлгерген болып есептеледі. Мәселен, бесін намазының парызында имам бірінші рәкәғатының рүкуғына барды делік, кешігіп келуші мұсылман ең аз дегенде «бір рет сүбхана раббиял аълә» дейтіндей сәт рүкуғды имаммен бірге жасап үлгерсе, ол сол рәкәғатқа үлгерген болып саналады. Ондайда кешігіп келуші кісі алдымен қиямда тұрып: «Аллаһу әкбар» деп құлақ қағып, намазға кіреді де, артынан іле-шала: «Аллаһу әкбар» деп рүкуғқа барады.

Егер имамға «бір рет сүбханаллаһ» дейтіндей көлемде үлгеріп, толықтай рүкуғ жасаса, сол рәкәғаты толық орындалған болып саналады. Ал егер рүкуға барам дегенше имам рүкуғдан басын көтеріп қойса, кешігіп келуші кісі ол рәкәғатқа үлгермеген болып есептеледі, сәйкесінше намаз соңында имам екі жаққа сәлем беріп намазды аяқтаған сәтте, кешігіп қосылған кісі «Аллаһу әкбар» деп тұрып, жіберіп алған рәкәғатын «сәнә» мен «әғузу, бисмилләны» оқып, өзінше тәмамдайды.

Тоқ етерін айтқанда, кешігіп келуші имамға рүкуғда үлгерсе, сол рәкәғатқа үлгерген болып саналады, ал рүкуғқа үлгермесе, сол рәкәғатты жіберіп алған болып саналады.

 

Абдусамат Қасым