Ханафи мәзхабы бойынша, нәпіл намаздарды жамағатпен оқудың үкімі қандай?
Ханафи мәзхабы бойынша, нәпіл намаздарды жамағатпен оқудың үкімі қандай?
7 жыл бұрын 7354

Ассаламуағалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Ханафи мазxабы бойынша нәфіл намазды жамағатпен оқу мәкруһ болып есептеле ме? Мысалы тасбиx намазы т.б. Аслан Ибрагимұлы. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Бұған қатысты Имам әл-Кәсәни: «Тәтоууъ (сүннет және нәпіл) намаздарын жамағатпен оқу – сүннет амалға жатпайды. Бірақ, Рамазан айында оқылатын (тәрәуих пен үтір) басқа», - деген[1].  

Аталмыш ғалымның «сүннет амал емес» деген сөзіне орай Ибн Ғабидин былай деп тұжырым білдіреді:

«Оның сүннет амал еместігі – «солай оқыса мәкруһ болады» деген үкімді тудырмаса керек. Әрине, егер әрдайым нәпілді жамағатпен оқып жүрсе, онысы бидғат болып, мәкруһтікті тудырары анық».  

Бидғат болуының себебін Имам Тахауи: «Өйткені, ол – бізге мұра боп жеткен (сүннет) жолға теріс» - деп түсіндірген. 

Басқа бір Ханафи ғалымы былай дейді:

«Нәпілді жамағатпен оқу – мұстахаб емес. Өйткені, сахабалар Рамазан айынан өзге айларда нәпілді жамағатпен оқымайтын».

Бұл айтылғандарға қосымша, Ибн Ғабидин: «Нәпілді бір адам екіншісіне ұйып оқыса, немесе екі адам бір адамға ұйып оқыса, мәкруһ емес. Үш адам бір адамға ұйып оқу мәселесінде талас бар» - дейді.

Тоқ етерін айтқанда: жамағатпен намаз оқу тек парыз намаздарына ғана тән әрекет. Дегенмен, кей кездері ек-үш адам бірігіп, нәпіл намазды жамағатпен оқып жатса, оның ешқандай мәкруһтігі жоқ. Ал, одан көп адамның жамағат болып оқуы – мәкруһ. Онда да «жиі оқыса, мәкруһ. Анда-санда оқыса мәкруһ емес» деп, шектеу қойғандар бар.

Бұл айтқандарымыздың үтір намазына да қатысы бар. 

Ал, егер екі-үш адам жамағатпен оқып жатқан сәтте, басқа адамдар да қосылып, төрт-бес адам болып кетсе, не болады? 

Ғалымдарымыздың айтуы бойынша, ондай жағдайда, мәкруһ - кейін қосылғандарға болмақ[2].


[1] әл-Кәсәни: Бәдәиъу.
[2] Хашияту ибн Ғабидин: Китабус сала – 4/375-377 бет.

 

Абдусамат Қасым