Фиқһ іліміндегі «Хукми нәжіс» дегеніміз не?
Фиқһ іліміндегі «Хукми нәжіс» дегеніміз не?
7 ай бұрын 1533

Ассаламуғалейкум! «Хукми нәжіс» дегеніміз не?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Фиқһ ілімінің ғалымдары нәжістерді «хүкми нәжіс» және «ақиқи нәжіс» деп бөлген. Алайда, «хүкми нәжіске» не жатады, дегенге қатысты төрт мәзхаб ғалымдары төрт түрлі анықтама береді. Соларды қысқаша баяндап өтелік:

1. Ханафи мәзхабы. Ханафи мәзхабында нәжістер: «хүкми» және «ақиқи» болып бөлінеді. Хүкми нәжістерге - «дәретсіздік» пен «ғұсылсыздық» жағдайы жатады. Мұны «мағнауи нәжіс» деуге де болады. Ал «ақиқи нәжістерге» - шариғи тұрғыда заты нәжіс болған заттар жатады. Мысалы, зәр, қан, ірің, мәни, мәзи, шарап т.б. Ақиқи нәжістердің өздері «ауыр нәжіс» және «жеңіл нәжіс» болып бөлінеді.

2. Мәлики мәзхабы. Мәлики мәзхабында «хүкми нәжіс» деп, денеге не киімге жағылған, бірақ көп уақыт өткендіктен түсі, иісі қалмаған нәжіс түрін айтады, мысалы, кеуіп кеткен зәр немесе киімге жағылған қанды сумен жумай, сүртіп тастаса, соның орны «хүкми нәжіс» саналады, қашан сумен жуып жібергенше.

3. Ханбали мәзхабы. Ханбали мәзхабында «ақиқи нәжіс» деп өз алдына нәжістердің өзін атаса, ал «хукми нәжіс» деп, сол нәжістердің киімге не денеге т.б. таза жерге жағылуын айтады.

4. Шәфиғи мәзхабы. Шәфиғи мәзхабында «хүкми нәжіс» деп кеуіп, түсі, иісі кету арқылы көзі жойылған нәжістерді айтады, мысалы, киімге зәр тиіп, кеуіп кеткен болса, ол «хүкми нәжіс» болмақ1.


1  Абдуррахман әлЖәзири: «әл-Фиқһу аляль Мәзәһибиль Арбаъати»; «Фиқһуль Мәнһәжи аля Мәзһәбиль Имамиш Шәфиғи».

Абдусамат Қасым