Ескі мазарды ашып, басқа мәйітті көмуге бола ма?
Ескі мазарды ашып, басқа мәйітті көмуге бола ма?
5 жыл бұрын 3702

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Мазарды бұзып, қайтадан екі адамға салуға бола ма? Рустам.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Өлген кісінің сүйегі шіріп, түгі қалмай топыраққа айналып кетпейінше, оның қабірі ашылмайды және басқа мәйіт көмілмейді[1]. Бірақ, басқа көметін жер табылмай ескі қабірге қоюға мәжбүр болса, ашып, ондағы сүйек қалдықтарын бір жерге жинап, көмілетін мәйіт пен оның арасын топырақпен не қышпен бөліп, бөгет қойылады.

Сондай-ақ, жайшылықта бірнеше мәйітті бір қабірге көмуге болмайды. Бірақ, табиғи апат, соғыс сияқты зәру жағдайларда екі-үш мәйітті бір мазарға көмуге рұқсат етіледі. Аралары топырақпен бөлінеді. «Ухуд» соғысында шейіт болғандар, осылай көмілген тұғын[2].

Мәселен, сахаба Жәбір ибн Абдулланың (Алла одан разы болсын) әкесі Абдулла ибн Амр әл-Ансари мен Амр ибнуль Жүмуһ «Ухуд» соғысында шейіт болып, екеуі бір қабірге жерленеді. Имам Мәликтің риуаяты бойынша, 46 жыл өткеннен кейін ол екеуінің қабірін сел басып, орындарын ауыстыру үшін мазарлары ашылады. Сөйтсе, ардақты екі сахабаның денелері арадан мұнша жыл өтсе де кеше көмілгендей бұзылмаған күйі сақталған екен[3].


[1] Фәтәуә әл-Һиндия – 1/183 бет.
[2] Өмер Насухи Білмен. Бүюк Ислам илмихалы. 255 бет. 
[3] Имам Тәһәнәуи: Иълә әс-Сүнна. 8/328 бет.

Абдусамат Қасым