Екі қалада үйі бар адам, екеуінде де намазды толық оқи ма?
Екі қалада үйі бар адам, екеуінде де намазды толық оқи ма?
6 жыл бұрын 5486

Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім: Егер, бір кісінің 3-4 жерде үйлері болса (аралығы ен кемі 300 км), әр жердегі үйіне барғанда намазын мұқим (тұрақты) ретінде толық оқи ма, қысқартып оқи ма? Батыржан

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қай қалада бала-шағасымен тұрақты тұруды ұйғарса, сол жер «негізгі отаны» саналады (уатануль асли)[1]. Осыған орай, басқа қаладағы үйіне (ең кемі 90 шақырым ұзақтықтағы) он бес күннен аз уақытқа барған болса, намазды қысқартып оқиды. Жеке үйінің болуы үкімді өзгертпейді. Бұл – Имам Ағзам Әбу Ханифаның тұжырымы бойынша[2]. Бірақ, ол жерде екінші жанұясы (әйелі) тұрып жатқан болса, онда ол қала да негізгі отан ретінде есептеліп, екі қаланың екеуінде де намазды толық оқиды. 


[1] Әлдекімнің тұрақты түрде тұруды ұйғарған елді-мекенін шариғатта - «асли отан» (уатануль асли) дейді. Он бес күннен көп қалуды ұйғарған уақытша мекенді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанул Иқама» дейді. Ал, он бес күннен аз уақыт қалуды ұйғарған жерді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанус Сукна» дейді. Әуелгі екеуінде мұсылман намазды толық оқиды. Соңғысында намазды қысқартып оқиды.
[2] Жамиғур румуз – 158 бет: «Кімде-кім, бір жерден отбасын, заттарын алып, басқа жаққа көшсе (сол жақта тұрақты тұруды ұйғарса), бірақ, бұрынғы жерде үйі қалса, Имам Мұхаммед бойынша, негізгі отан статусы жоғалмайды. Имам Ағзам бойынша, үйі қалса да «асли уатан» статусы жоғалады». 
 

Абдусамат Қасым