Бес жасар бала имамдыққа шыға ала ма?
Бес жасар бала имамдыққа шыға ала ма?
2 ай бұрын 1382

Ассаляму алейкум! Ханафи мәзһабы бойынша 5 жастағы баланың имамдыққа шығуы дұрыс па? Ондай намаз санала ма? Нұрлыбек.

Әлхәмдулилләһ. Уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Ханафи мәзхабы бойынша және Ханбали мен Мәлики мәзхабтары бойынша да балиғатқа толмаған баланың имамдығы жарамсыз, ұюшы үлкендердің намаздары саналмайды. Аталмыш екі мәзхабтың Ханафи мәзхабынан айырмашылығы - олар кішкене баланың нәпіл және сүннет намаздарда имамдыққа шығуын дұрыс санаған, мысалы, тарауих намазы т.б1. Ал Ханафи мәзхабының көпшілігі балиғатқа толған баланың нәпіл намаздарда да имам бола алмайтынын дұрыс көрген. «Көпшілігі» деуімнің себебі, ескілікті «Бәлх» қаласының Ханафи ғалымдары тарауих намаздары т.б. сол сияқты нәпіл намаздарда кішкене баланың имамдығы жарамды деген пәтуа айтқан. Алайда көпшілік Ханафи ғалымдары бойынша, ең дұрысы нәпіл намаздарға да имам бола алмайды. Бірақ өзі секілді балиғатқа толмаған балаларға имам бола алады2.

Балалар имам бола алмайды дегенге дәлел келтірер болсақ, Әзіреті Әлиден (р.а.) жеткен бір риуаятта былай делінген:

«Жас балаларыңды және ақылы кемістеріңді намаздарыңда (имамдыққа) алдыға шығармаңдар. Шынында олар (намазда имам болғандар) Алланың алдында сендерді тәмсіл етер өкілдерің»3.

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Аббастың (р.а.) мынадай сөзі кітаптарда келтірілген:

«Жас бала ихтиләм болғанға дейін имамдыққа шықпасын. Және де азанды араларыңдағы жақсыларың шақырсын!»4.


1  Абдуррахман әл-Жәзири: «әл-Фиқһу аля мәзәһибиль әрбаъати» - Шурутуль Имәмәти.
2  Бүрһәнуддин ибн Мәзә: «әл-Мұхит» - Китабус саләһ; әс-Сығынақи: «ән-Ниһәя» - Бәбу сужудис сәһуи;
3  Имам Бәйһәқи: «Хиләфәт».
4  Имам Бәйһәқи: «әс-Сүнәнуль Кубро».

Абдусамат Қасым