Балағы тобықтан төмен түссе, намазы бұзылады дейді. Сол рас па?
Балағы тобықтан төмен түссе, намазы бұзылады дейді. Сол рас па?
7 жыл бұрын 12119

Әссәләмуғалейкум! Балақ мәселесі. Кейбір имамдар балақты тобықтан жоғары ұстаудың екі үкімі бар дейді. Бірі – сүннет. Екіншісі - уәжіб. Сүннетті ұстанбасаң «тахриман макруҺ», ал, уажібті орындамасаң кунаҺар боласың дейді. Тіпті бір ғалымның сөзінде «тобықтан төмен ұстасаң намазың қабыл болмайды» дегені бар. Ол ғалымдар - Ханафи мазҺабын ұстанады. Ендеше, біздің кейбір имамдар неге хадистың үкімін жоққа шығарғандай қылып, қазіргі заман бөлек, тобықтан төмен кие бер дейді? Нұрлан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи фиқһ кітабы «Фәтәуәль Һиндияда» балаққа байланысты былай делінеді:

«Ер кісінің изарын (белден төменгі жағын жауып тұратын орағыш) тобықтан төмен жіберуі, егер өзін жоғары көрсету үшін болмаса, жеңіл мәкруһ»[1].

Бұл дегеніміз, шалбардың балағы тобықтан төмен түссе оның еш күнәсі жоқ деген сөз. Егер, тәкәппарланып, өзін биік көрсету мақсатында балағын тобықтан төмен түсірсе, сонда ғана «харамға жақын мәкруһ» болмақ. Алайда, бәрімізге белгілі шалбардың балағын тобықтан төмен түсіру, бүгінде тәкәппарлықтың нышаны болудан қалған.

Сондай-ақ, деректерге қарағанда,

Имам Ағзам Әбу Ханифаның үстінде төрт жүз динардың шапаны болыпты. Онысы жерге сүйретілердей ұзын екен. Сонда оған: «Біз бұл нәрседен тыйылмаппа едік? (яғни, тобықтан төмен асырудан тыйылмаппа едік?)», - делінгенде, Ол (р.а.): «Шынында ол нәрсе тәкәппарлар үшін айтылған нәрсе. Біз - олардан емеспіз», - деп жауап берген екен[2].

Енді, намаз мәселесіне келер болсақ, Әбу Дәуідтің хадистер жинағында орын алған бір риуаятта сахаба Абдулла ибн Мәсъуд былай дейді:

«Мен Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігін естідім: «Кімде-кім, намазда маңғаздана изарын (тобықтан) төмен түсірсе, ол Алланың халалында да, харамында да емес (яғни, Алла одан ұзақ болады)»[3].

Ханафи ғалымы Мулла Алиюль Қари (р.а.) намаздағы балаққа қатысты айтылған басқа бір хадистегі: «Шынында Алла Тағала изары төмен түскен ер кісінің намазын қабыл етпейді»[4] деген жеріне: «Яғни, маңғазданып, тәкәппарлана тобықтан төмен түсірсе», - деп түсініктеме берген. 

Демек, балақты тобықтан төмен түсіру намазда мәкруһ деуіміз үшін, онысы тәкәппарлықтан туындаған болуы керек. Ондай күйден ада мұсылманның балағы тобықтан төмен болса да намазы дұрыс әрі харамға жақын мәкруһ емес. 

Ең дұрысы - Аллаға аян! 


[1] Фәтәуәл Һиндия – 5/411 бет.
[2] Әл-Мақтиси: әл-Әдәбуш шарғия.
[3] Әбу Дәуід: Сүнән - №637 хадис.
[4] Әбу Дәуід: Сүнән - №638 хадис.Хадис әлсіз.

Абдусамат Қасым